«Біреуі 2 мың оқушыға қызмет көрсетеді». Мектеп психологтарының да жалақысы аз
Олардың заңды мәртебесі анықталмаған
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, мектеп психологтарының жалақысын көтеруді ұсынды.
Оның айутынша, балалардың психологиялық жағдайы мен мінез-құлқындағы алғашқы проблема мектепке дейін және мектеп жасында анықталады. Сондықтан педагог-психологтар оқушыларға жеке көмек көрсету үшін көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мәселесін қарастыруы керек.
Оқу-ағарту министрінің №224 бұйрығындағы нормативке сәйкес, психологтардың штат саны мектептегі жалпы сынып бойынша есептелген. Осыған сәйкес, кез келген білім беру мекемесінде психолог штаттары 0,5-тен 2 бірлік арасында қарастырылған. Мысалы, орташа есеппен 1,5 мың бала оқитын мектептерде 60, ал 4,5 мың және одан да көп оқушы бар білім беру ошақтарында 170-тен көп сынып бар. Яғни, 1 психолог 2 мың оқушыға және ерекше білім беру қажеттігі бар балаларға қызмет көрсетіп жатыр. Психологтың үлкен жүктемесі болуына байланысты, нақты мұқтаж адамға көмек берілмейді, - деді Ғалиасқар Сарыбаев.
Депутат мәселені шешу үшін мектеп психологтарының саны жөніндегі нормативті қайта қарауды, сынып санына түзетулер енгізуді, мамандардың жалақысын көтеруді ұсынды.
1987 жылы ресми түрде мектептерге психолог штаттары енгізілді. Алайда олардың заңды мәртебесі анықталмаған. Еңбекақы төлеу жүйесінде олар қосымша мамандық ретінде анықталды. Психология ерекше мамандық екенін ескеріп, психологтарды негізгі мамандар тізбесіне енгізуді ойластыру керек, - деді сенатор.
Еске сала кетсек, бұған дейін
- Балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысы мардымсыз екенін;
- Сот аудармашысы жалақысының жол шығындарын өтеуге жетпейтінін;
- Өрт сөндіруші сержанттардың 180-ақ мың теңге жалақы алатынын;
- Энергетиктердің жалақысына коммуналдық тарифті қымбаттату есебінен 30 мың теңге қосылғанын;
- Санитарлардың айлығы шайлығына жетпейтінін жазған болатынбыз.