Таңсәуле Серіков санитарлардың айлығы шайлығына жетпейтінін алға тартты
Соның салдарынан елімізге 5 мыңға жуық санитар жетіспей жатыр
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков санитарлардың жалақысын көтеруді ұсынды.
Санитар деген қызметті естігенде көбіне еден жуып, шаң сүртумен ғана айналысады деп ойлайды. Бірақ ол кісілердің атқаратын қызметі өте көп. Мысалы, операциялық блокта жұмыс істейтін санитарлар ота біткеннен кейін одан қалған қалдықтарды, адамның ампутацияланған бөлшектерін орап, тиісті қызметке «В» санаттағы қоқыс ретінде тапсырады, - деді депутат.
Оның айтуынша, бүгінде психоэмоционалды түрдегі ақы тек дәрігерлер мен медбикелерге беріледі, ал санитарларға төленбейді.
Хоспистегі санитарлардың атқарып отырған қызметі тек еден жуып, шаң сүртумен шектелмейді. Олар науқастарды тұрғызу, киіндіру, жуындыру, тамақ ішкізу, ер адамдардың сақалын қыру, төсек тартып жатқан адамдардың тісін жуу, дәретханаға отырғызу, күту сияқты көптеген қызметті атқарады. Алайда бүгінге дейін олардың жалақысы өте төмен. Ал психдиспансердегі, тубдиспансердегі санитарлардың атқарып отырған қызметін айтпаса да болады. Алайда олардың қолға алатын жалақысы – 90 мың теңге, - деді депутат.
Биыл 1 қаңтардан бастап санитарлардың жалақысына небәрі 3 мың теңгеден 6 мың теңгеге дейін қосылған. Таңсәуле Серіков бұл қаржы бүгінде ешнәрсеге жетпейтінін, соның салдарынан елімізге 5 мыңға жуық санитар жетіспей жатқанын атап өтті.
Бұл мәселені шешу үшін санитарлардың жалақысы кемінде 2 есе көтерілсін. Оларға жылына бір рет санаториялық-профилактикалық орындарға жұмыс беруші есебінен жолдама берілсін. Пәтер алу үшін жалақысын ескеріп, жеңілдетілген несие берілсін, - деді депутат премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.