Сот аудармашысының жалақысы жол шығындарын өтеуге жетпейді - депутат
Көршілес елдерде аудармашылар біздегі әріптестерінен 20 есе көп алады
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында соттағы аудармашылардың сағатына 369 теңге алып жүргенін айтып, олардың жалақысын көтеруді ұсынды.
Сот төрелігінің әділдігі, тараптардың теңдігі аудармашының кәсіби біліктілігіне байланысты болса, білікті маманды тарту оның өтемақысына тәуелді. Қазір азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төлем Үкіметтің 1992 жылғы қаулысы негізінде жүргізіледі. Оған сәйкес, 1 бетті аударғаны немесе 1 сағат жұмысы үшін 369 теңге төленеді. Егер процесс жарты сағатқа созылса, онда төлем осы соманың жартысы – 180 теңге болады. Нарықта 1 парақ мәтіннің, 1 сағаттың аударма жұмысы 5 мың теңгеден жоғары бағаланады. Ал синхронды аударманың құны 10 мың теңгеден басталады. Жақында өткен қоғамдық резонанс тудырған іс бойынша аударма қызметінің сапасы қандай екеніне куә болдық, - деді депутат.
Сондай-ақ ол жалақының төмен болуына байланысты аудармашылардың сотта жұмыс істеуден бас тартатынын жеткізді.
Салдарынан сот процестері кешіктіріліп, хатшылар басқа аудармашыларды іздеп, оларға жалынуға тура келеді. Тіпті, жол шығындарын өтеуге жетпейтін қаражатпен еліміздің соттары азаматтарды аудармашымен қалай қамтамасыз етпек?! Көршілес елдерді алсақ, сот аудармашыларының 1 сағаттық жұмыс ақысы 7 500 теңгеден басталады. Бұл – еліміздегі соттардағы аудармашылардың өтемақысынан 20 есе көп. Құзырлы орган ретінде Қазақстанның сот әкімшілігі бюджеттен қосымша қаражат талап етпестен, өз қаражаты есебінен аудармашылардың қолданыстағы өтемақы мөлшерін көтеруге бірнеше рет ұсыныс жасалды. Алайда Үкімет тарапынан бұл мәселе қолдау таппай келеді, - деді Нұрсұлтан Байтілесов.