Энергетик жалақысына коммуналдық тарифті қымбаттату есебінен 30 мың теңге қосылды
Жылу энергетикасының жас маманы шамамен 180 мың теңге алады
Биыл ақпанда елімізде бағалардың айлық индексі 1,1% өсті, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Бір айда ақылы қызметтер 1,7%, азық-түлік тауарлары 0,8%, ал азық-түлік емес тауарлар 0,7% қымбаттаған.
Ең жоғары айлық инфляция Қарағанды облысында тіркелді. Онда тауар мен қызметтер 1,9% өскен.
Сондай-ақ ең төменгі айлық инфляция (0,5%) Абай және Алматы облыстарында тіркелді.
Жылдық инфляцияның деңгейі бұдан да жоғары. 2023 жылғы ақпанмен салыстырғанда, бағалар айтарлықтай өскен.
Мысалы, коммуналдық тарифтер:
Су бұруға – 33,9%;
Орталықтан жылытуға – 30,9%;
Суық суға – 30,8%;
Қоқыс шығаруға – 30,7%;
Ыстық суға – 29,4%;
Электр энергиясына – 19,9%;
Санаторийлердің бағасы 16%, денсаулық сақтау қызметтері 13,9% өскен.
Сонымен қатар ұялы байланыс қызметтері – 12,4%, таксимен жол жүру – 11,7%, қалалық автобуспен жүру – 9,3%, жолаушылар пойызы – 8,7%, қалааралық автобус қызметі – 8,2% көтерілген.
Тауарлар да қымбаттаған:
Күріш – 26%;
Жұмыртқа – 18,3%;
Жаңа жиналған жемістер – 17,2%;
Минералды және ауыз су – 16,9%;
Салқындатылған сусындар – 16,6%;
Алкогольді ішімдіктер және темекі өнімдері – 14,4%;
Жеміс және көкөніс шырындары – 12,5%;
Сары май – 12,2%;
Пастерленген сүт – 11,3%;
Айран – 10,9%;
Макарон өнімдері және қамырдан жасалған өнімдер – 10,4%;
Балық және теңіз өнімдері – 10,1%.
Ал пияз (42,5%), қарақұмық (24,3%), күнбағыс майы (21,2%), қант (14,8%) пен картоп (12%) арзандады.
Жалпы, бір жылда инфляция баяулап, 9,3% болды.
Бір қызығы, елімізде коммуналдық тарифтер көтерілсе де жылу энергетикасы мамандары мардымсыз жалақы алып отыр. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бүгінде саладағы жас маман шамамен 180 мың теңге алады.
Ал біліктілігі жоғары мамандар мен диспетчерлердің еңбекақысы – 350 мың теңге. Салада жалақы аз, - деді министр.
Тағы бір қызығы, саладағы мамандар бұрын 250 мың теңге жалақы алса, тарифтер көтерілгеннен кейін 280 мың теңге алатын болыпты. Оны да ведомство басшысының өз аузынан естідік.
Ал Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, биыл елде коммуналдық тарифтер 20-25%-ға қымбаттаған. Сондықтан ол коммуналдық салаға инвестиция тарту маңызды екенін жеткізді.
Елімізде коммуналдық салаға тиісті деңгейде қаржы бөлінбеген. Егер біз апат болмасын десек, инфрақұрылымды жаңартып, инвестиция тартуымыз керек. Инвестиция салудың екі көзі бар: біріншісі – тариф пен тұтынушылар, екіншісі – бюджет, салық төлеушілердің қаржысы, яғни сіз бен біз. Егер сумен жабдықтау, жылыту, энергетика жүйесі дұрыс жұмыс істесін десек, бізге оған қаржы құю керек, - деді вице-министр.
Тіпті, ол елімізде тарифтердің әлі де қымбаттай беретінін айтты. Алайда оның бағасы қандай қарқынмен өсететін нақтылаған жоқ.