Өрт сөндіруші сержанттар 180-ақ мың теңге жалақы алады
Оның аз екенін мойындаймын, - дейді жаңа министр
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қазақстандағы 18 мың өрт сөндірушінің жалақысын бір уақытта көтеру мүмкін емес деген пікірде.
Қазір ең төменгі жалақыны өрт сөндірушілер арасында сержанттар алады. 180 мың теңге. Оның аз екенін мойындаймын. Бұл мәселе министрліктің бақылауында. Жалақыны көтеруге қадам жасап жатырмыз. Бүгінде Қазақстанда 18 мың өрт сөндіруші бар. Олардың жалақысын бір уақытта көтеру мүмкін емес. Біртіндеп әрекет етеміз, - деді ведомство басшысы.
Айта кетсек, Шыңғыс Әрінов биыл 6 ақпанда ауысқан жаңа Үкіметтің құрамына кіріп, Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалған болатын. Оған дейін ведомствоны Сырым Шәріпханов 6-ақ ай басқарған-ды. Ол саланың тізгінін Абай облысындағы алапат өрттен кейін келген Юрий Ильиннен қабылдап алды. Бірақ жарты жыл бойы министр ретінде ешқандай белсенді әрекетімен, шешімтал қимылымен есте қалмады. Өйткені Қарағанды облысының шахталарындағы апаттар, Абай облысында бірнеше адамның өліміне түрткі болған ормандағы алапат өрт, Алматы хостеліндегі өрт және жер сілкінісінде Сырым Шәріпхановтың қарамағындағы төтенше жағдайлар қызметі ұтымды әрекет ете алмады.
Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ, - деді сол кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Содан кейін «орнында бар оңалар» болмай, ақыры ол орынтаққа Тоқаевтың өз күзет қызметінің бастығы Шыңғыс Әрінов келіп жайғасты. Қазір ол қоластындағы сержанттардың 180 мың теңге жалақыға өмір сүріп жүргенін біліп отыр. Көтеретін шығар...