Балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысы мардымсыз
Білікті кадрлар жұмыстан кетіп жатыр
Сенатор Нурия Ниязова балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысын көтеру керектігін алға тартып отыр. Оның айтуынша, бұл мәселе Үкіметтің жалақыны көтеруді реттейтін қаулысына енгізілмеген. Сондай-ақ бұл тізімге денсаулық сақтау және балаларды әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтер де енбеген.
Депутат осы мәселе бұдан 1 жыл бұрын да көтерілгенін, бірақ Үкіметтің оны әлі шешпегенін атап өтті.
Бұрын жіберілген депутаттық сауалда мектеп мұғалімдерімен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен, оның ішінде орталық жүйке жүйесі органикалық зақымданған, ақыл-ойы мен дене бітімінде кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысын да теңдей көтеру керек деп жазылған. Олар – логопедтер, психологтер, тәрбиешілер, әдіскер-педагогтер, монтессори мұғалімдері, музыка мұғалімдері. Үкімет осы мәселені шешу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр деп жауап берген. Бірақ бір жыл өтті, ал мұғалімдердің жалақысы еш көтерілген жоқ, - деді сенатор.
Соның салдарынан қазір осы мекемелердегі білікті кадрлар жұмыстан кетіп жатқан көрінеді.
Осыған байланысты тиісті министрліктерге атқарылған жұмыс туралы, оның ішінде азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөнінде әзірленген тиісті зерттеулер туралы ақпарат беруді сұраймыз. Сонымен қатар ана мен баланы қорғау саласында жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдары, жұмыспен қамту орталықтары мамандарының әлеуметтік және материалдық мәртебесін көтеру үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгеріс енгізу жөніндегі жұмыстар туралы да ақпарат қажет, - деді Нурия Ниязова.