Футболшы әйеліне ұшақ сатып алып берді
Оның бағасы шамамен 2,4 миллион еуро болады
«Бавария» клубының атақты жартылай қорғаушысы Томас Мюллер зайыбына құны 2,4 млн евроның ұшағын тарту етті. Енді әйелі жақында ұшқыш лицензиясын алмақ.
Қазір Лиза Мюллер авиациялық мектепте оқып жатыр. Оқу мерзімі – 1 жыл. Келіншектің өзі кәсіби джокей және ұшу кезіндегі секілді еркіндік сезімін ұнататынын айтады.
2023 жылы футболшының әйелі ұшу курсынан өтіп, содан бері үнемі ұшақтар мен тікұшақ тізгініне отыруды әдетке айналдырған.
Мен батареямен істейтін кішкентай Duracell қояны секілдімін. Бір орнымда отыра алмаймын. Әрқашан белсенді болып, бірдеңе жасап жүремін. Ұшақ кабинасында болу, керісінше, маған керемет демалыс сыйлайды. Ондайда басым тынығып, бәрін ұмытамын, - дейді Лиза Мюллер.
Бұл ретте Томас Мюллер әйеліне автопилот пен навигациялық жүйесі бар Pilatus PC-12/45 ұшағын сатып алған. Оның бағасы шамамен 2,4 миллион еуро болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін әнші Бүркіттің де әйеліне ұшақ тарту еткісі келетінін жазған болатынбыз.