Биыл кәсіпкерлер 12,8 трлн теңге несие алды

Биыл кәсіпкерлер 12,8 трлн теңге несие алды bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 20 қараша, 2024

Бизнеске несие берудің өсуі көлік пен байланысты қоспағанда, экономиканың барлық саласында байқалады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша банктер кәсіпкерлерге өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19,6% артық (12,8 трлн теңге) жаңа қарыздар берген.

Бұл ретте бизнеске кепілсіз қарыздар беру көрсеткіші жиілеген. Ол биыл 9 айда 37% өсіп, 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Бизнеске берілетін несиелер портфелі жыл басынан бері 7,4% – 12,1 трлн теңгеге дейін өсті. Биыл корпоративтік портфель өсімінің негізгі драйвері – 34,2%-ға, яғни 2,1 трлн теңгеге дейін ұлғайған дара кәсіпкерлерге берілетін несиелер. Бизнеске берілетін несиелер құрылымында негізгі үлес ШОБ субъектілеріне берілетін қарыздарға тиесілі, олар 2024 жылдың 9 айында 3,0%-ға 5,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды, – делінген агенттік хабарламасында.

Ақпаратқа сәйкес, ірі бизнеске берілетін несиелер 3,2% – 4,1 трлн теңгеге дейін өскен. Биыл осы көрсеткіштің серпініне телекоммуникация және құрлық көлігі саласындағы ірі қарыз алушылардың сыртқы нарықта және ішкі қор нарығында тартылған қаражат есебінен мерзімінен бұрын өтеуі әсер етті. Бұдан басқа, ірі қарыз алушылар арасында ақша-несие жағдайларын біртіндеп жеңілдету аясында банктердегі қолданыстағы қарыздарды неғұрлым төмен мөлшерлемелер бойынша қайта қаржыландыру тәжірибесі байқалды. Мәселен, ұлттық валютадағы ірі бизнес субъектілерінің несиелері бойынша орташа сараланған мөлшерлеме 2023 жылғы желтоқсандағы 18,2%-дан биылғы қыркүйектің қорытындылары бойынша 16,9%-ға дейін төмендеді.

9 айдың қорытындысы бойынша бизнеске несие берудің өсуі көлік пен байланысты қоспағанда, экономиканың барлық саласында байқалады.

Атап айтқанда:

  • өнеркәсіпте – 17,3%;
  • ауыл шаруашылығында – 10,2%;
  • саудада – 8,3%;
  • құрылыста – 7,4% өскен.

Агенттік ақпарат және байланыс саласындағы портфельдің 36,8%, көліктің 2,9% төмендеуін жекелеген ірі қарыз алушылардың несиелерді мерзімінен бұрын өтеуімен байланыстырды.