Шымкент тұрғыны асыл тұқымды тауықтардан айына 2000-2500 жұмыртқа алады (ВИДЕО)
Қайтарымсыз грант иесі атанғандар әр 3 ай сайын есеп тапсырады
Биыл Шымкент қаласында 428 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. 1,5 миллионға жуық қаржы иесі атанғандар көбіне тігін цехын, кондитерлік, cұлулық салондарын ашқан. Дегенмен грант иелерінің арасында ақшаны мақсатсыз жұмсағандар да бар, деп жазды Otyrar.kz.
Динара Мэлсқызы құс шаруашылығымен айналысады. Шетелдерден асыл тұқымды тауықтар әкеліп, тұқымын көбейтіп сатады. Арнайы аппарат арқылы ай сайын 2000-2500 дана жұмыртқа шығарады. Бала кезінен қызыққан кәсіп түрімен білек сыбана айналысу үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысып, 1,5 миллион теңгеге жуық қаржы алған.
Менде бройлер деген Чехиядан келетін тұқым бар. Екіншісі – Ломан Браун деген ресейлік, тек жұмыртқа беретін тұқым. Екеуі де асыл тұқым. 2 ай бұрын 2 500 шөже шығардым, оның 1 500 данасын көтерме бағамен саттым, жартысын ет күйінде саттым. Келесі айға Чехияға тапсырыс беріп қойдым. Құстардың санын арттыратын ойым бар, - дейді Динара Мэлсқызы.
Бұл асыл тұқымды тауықтар 2,5 келіден 7 келіге дейін ет береді. Олар арнайы дайындалған жеммен қоректенеді. Бірақ ебін тапса, пайдасы да көл-көсір дейді кәсіпкер. Ал тауықтар жұмыртқалаған соң оларды арнайы аппаратқа салады.
Бұл аппараттың көмегімен жұмыртқадан шөже шығарамын. 20-21 күнде балапан жұмыртқаны жарып шығады. Осы жұмыртқаларды салған соң бір аптадан кейін тексеремін. Тамырлары көрінеді, қайсысы өседі дегендей, - дейді кәсіпкер.
Биыл Шымкентте қайтарымсыз грант алып, бизнесін бастауға 3 500-ге жуық азамат өтінім беріпті. Олардың көбінің тігін цехын, кондитерлік өнім дүкендерін, сұлулық салондарын ашуға қызығушылығы жоғары дейді мамандар.
Азаматтар онлайн түрде Еnbek.kz порталы арқылы құжаттарын тапсырып болғаннан кейін комиссияға ұсынылады. Комиссияның шешімімен ғана анықталады. Биыл 3 500-ге жуық азамат мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысуға өтініш білдірді. Соның ішінде 428 азамат жеңімпаз болды. Мемлекеттік қайтарымсыз гранттың көлемі 400 АЕК-ке дейін және азаматтың өзінің қорғаған бизнес жоспарына сәйкес келісімшартқа отырамыз, - дейді Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Бағдат Архабаев.
Қайтарымсыз грант иесі атанғандар әр 3 ай сайын есеп тапсырады. Сондай-ақ олардың жұмысын арнайы құрылған мониторинг тобы тексеріп отырады. Мәселен, осындай тексерулер нәтижесінде былтыр грант алған 452 адамның 138-інің қаржысын мақсатсыз жұмсағаны анықталған. Сот арқылы олардың ақшасы қайтарылып жатыр. Ал биыл 36 адамның грант ақшасын мақсатсыз жұмсағаны белгілі болды.