Ұлттық банк төрағасы халыққа доллар сатып алмауға кеңес берді
Өйткені теңгелік құралдар жақсы кіріс береді, - дейді ол
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарға доллар сатып алмауға кеңес берді.
Оның айтуынша, доллар сатып алудың орнына ақшаны депозитте теңгемен сақтаған немесе жылжымайтын мүлік сатып алған дұрыс.
Қазір доллар жинақ құралы болмауы қажет. Өйткені теңгелік құралдар жақсы кіріс береді. Бүгін біз базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл тиісінше жеке тұлғалар үшін депозит мөлшерлемелерін арттыруы мүмкін. Ақшасын банкке депозитке салғысы келетін қарапайым қазақстандықтар үшін депозит кірісі де артады. Сондықтан асығыс әрекет жасамауды ұсынар едім, – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, доллар сатып алудан гөрі теңгелік депозит үлкен табыс әкелетіндіктен, жұрт өздерінің экономикалық жүйесінде қалуы керек.
Депозит нарығы, халықтық IPO бар. Көпшілік сияқты жылжымайтын мүлікке инвестиция сала аласыздар. Яғни, Қазақстанда бар, өзіміз жақсы түсінетін, доллар секілді емес құралдарды таңдаңыздар! Олар біздің бақылуымызда. Ертең жаңа сайланған АҚШ президенті Дональд Трамп басқа экономикалық шараларды қабылдап, доллар құлдырап кетуі мүмкін, – деді Ұлттық банк төрағасы.