«Мен 6 млн теңге болдым»: блогер қалыңмалды дәріптеймін деп сынға ұшырады

«Мен 6 млн теңге болдым»: блогер қалыңмалды дәріптеймін деп сынға ұшырады Instagram
bai-bol.kz bai-bol.kz | 30 қараша, 2024

Батыс жақты айтпай-ақ қояйын, олар тіпті тегін береді, - дейді ол

Әлеуметтік желіде Қытаймен сауда-саттық жүргізуді үйрететін блогер Гүлзат Әзімжан өзіне берілген қалыңмал туралы айтты.

Бұл ретте ол алдымен әр өңірдегі қалыңмал мөлшерін салыстырмалы түрде атап өтті.

Менің қалыңмалым қазіргі ақшамен 6 млн теңге болды. Ойлаңыздаршы, қызды 6 млн теңгеге алу деген Қазақстанда мүмкін емес. Ал бізде мүмкін. Ол енді Қытайдағы қазақтардың қалыңмалы. Қазір қыздардың қалыңмалы әр жерде әртүрлі. Мысалы, Алматыда 500 мың, 1 млн, 1,5 млн теңгенің аралығында. Шымкентте біраз жақсы енді, бізге жақындап қалады. Олар салт-дәстүрде де бізге келеді. Ал батыс жақты айтпай-ақ қояйын. Олар тіпті тегін береді. Екі жас бақытты болсын, болды деп. Ол қалай? Білмеймін енді. Сонша қызыңды бағып, қалыңмалсыз қалай жібересің? Әй, ол қалыңмал деген қызыңды сату емес. Мысалы, мен 6 млн теңге болдым десем, сені сатыпты ғой дейді. Ол сатқанға келмейді. Әй, сен анаңның сүтін ақтамайсың ба? - дейді блогер.

Сондай-ақ ол қалыңмал деген дүниенің қазақтың салт-дәстүрінің бірі екенін білетінін де көрсетіп қоюға тырысқан.

Қалыңмал деген қыз сату деген сөз емес. Ешқашан олай ойламаңыз! Қалыңмал алса, ол дұрыс. Ол қазақтың салт-дәстүрінен келе жатқан үрдіс, - деді Гүлзат Әзімжан.

Алайда блогердің бұл пікірі кейбір желі қолданушыларының шамына тиіп кеткен.

«Ақымақтың әңгімесі. Теңін тапса, тегін бер», «Батысқа тиіспей жөніңе отыр, батыс ешкімнің ақылын қыстырмайды», «Мамаңның ақ сүтін қалыңмалмен ақтайсың ба не? Екі жастың бақытты отбасы болып жақсы тұрып кетуі, міне, сол – ананың ақ сүтін ақтау. Батыста дұрыс істейді» дегендей қарсы пікірлер жазды көпшілік.