Елімізде қайыршылықты кәсіп етіп алғандар көбейген

Елімізде қайыршылықты кәсіп етіп алғандар көбейген inbusiness.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 29 қараша, 2024

Қазір екі қолға бір күрек табылмайды дегенге ешкім сенбейді

Қазір елімізде «жолға жетпей тұр еді» немесе «нанға ақша беріңізші» деп тіленетіндер аз емес. Ол адам расымен мұқтаж ба, әлде қайыр тілеуді табыс көзіне айналдырып алған ба? Тіпті сол жинаған ақшасына ішімдік ішетіндер де бар. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.

Бұрын көшеге қайыр тілеп шығу тегі Үндістанға байланысты белгілі ұлттың шаруасы деген пікір басым еді. Ал қазір түрлі өтінішпен адамдардан көмек сұрап, тіпті, банк қосымшасындағы нөмірі жазылған қағазбен келетіндердің саны көбейген. Қайыршылық күнкөрістің соңғы аялдамасы дейтінбіз. Сөйтсек, оны табыс көзіне айналдырып алғандар жеткілікті екен.

Өзінде ақша бола тұра, қайыр сұрау – харам. Ал тепсе темір үзетін жігіттердікі тіпті ерсі. Діни басқармадағылар қарызданып болса да кәсіп бастаған жөн дейді. Одан қалды, қазір екі қолға бір күрек табылмайды дегенге ешкім сенбейді. Әсіресе, үлкен қалаларда жұмысшы таппай жүрген мекеме көп.

Қазір осыны, өкінішке қарай, кәсіпке, табыс табудың оңай жолына айналдырған, өмірге салғырт қарайтын кейбір адамдар пайда болды және олардың саны күн сайын артып келе жатыр. Ислам діні осыған қатты наразылығын білдіреді. Өйткені тіленіп жүру – үмметті, жалпы, қоғамды жұмыс істемеуге және азғындыққа апаратын жол. Өйткені жеңіл табылған ақша дұрыс емес нәрселерге жұмсалады әдетте, - дейді ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев.

Заңда қайыршылық деп жазылған нақты бап жоқ. Десе де қайыршылардың қаптап кетуіне Қылмыстық кодексті кінәламау керек дейді заңгер Жандос Тұяқов.

Көше, сауда орталықтарының барлығы қоғамдық орынға жатады. Сондықтан Әкімшілік кодекстің 449-бабында бұл мәселе қарастырылған. Нақты қайыр тілеу деп көрсетілмеген. Бірақ басқа адамдарға тиісу, мазасын алу, өтініш білдіру арқылы қайыршылықпен айналысу деген бар. Ол үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған, - дейді заңгер.

Қайыршылармен күреске еуропалықтар білек сыбана кіріскен. Әсіресе, Еуропалық Одақ елдерінде заң қатал. Италияда туристер көп келетін жерде қайыр тілегендер 25 еуродан 500 еуроға дейін айыппұл арқалайды. Ал Германияда ең төменгі айыппұлдың өзі 750 еуродан басталады. Дегенмен Швеция мен Швейцарияда заңды түрде тіркеліп, осылай нәпақа табуға болады.