Жаңа жылды тойламақ түгіл, тойып тамақ ішу мұңға айналуы мүмкін

Жаңа жылды тойламақ түгіл, тойып тамақ ішу мұңға айналуы мүмкін bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 25 қараша, 2024

Саудагерлер доллардың көтерілгенін пайдаланып, тауарды әдейі қымбаттатады

Азық-түлік пен киім-кешек бағасы тағы қымбаттайды. Әсіресе, сырттан келетін тауардың құны шарықтауы мүмкін. Бұған доллар бағамы әсер етіп отыр. Сарапшылар импорт бірден 15 пайыз өседі деседі. Онсызда арзан емес деген халық бұл жаңалықты естіп, тіпті ашынып отыр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Жаңа жылдың келуіне аз уақыт қалды. Бірақ жұрттың көңіл-күйі қазірден түсіп жатыр. Азық-түлік пен киім қымбаттаса, мерекеде думандата алмай қаламыз ба деген қорқыныш бұл. Сарапшыларды тыңдасаң, доллар тұрақталмаса, мейрамды тойламақ түгіл, тойып тамақ ішуің де қиындайды.

Осыдан бірнеше күн бұрын доллар бағамы 500 теңгеден бір-ақ шықты. Бүгін Астана мен Алматы қалаларындағы ақша айырбастау пункттерінде АҚШ валютасы 497-503 теңге аралығында саудаланып жатыр. Нарықты жақсы меңгергендер оның соңы жақсылыққа апармайды деп топшылады. Бірінші кезекте ішіп-жегеніміз желкеден шығуы мүмкін. Қымбатшылық қыспаққа алса, қысқы киімнің де қамын жасауымыз екіталай.

Өз ішімізде инфлияцияның деңгейін көтереді. Екіншіден, ақшаның құнсыздануына және импорттық тауар бағасының қымбаттауына алып келеді, - дейді экономист Ғалымжан Есқараұлы.

Тек импорт қымбаттайды деген – аты ғана. Бізде бір нәрсенің бағасы өссе, автоматты түрде өзгенікін де шарықтату қанға сіңген. Демек доллар тұрақсыздығының әсері отандық өнімнен де айналып өтпейді. «Аңқау елге – арамза молда» болған жергілікті кәсіпкер де жағдайды пайдаланып, жеке олжаны ойлайды.

Сөредегі бағалардың өзі қымбаттап жатыр. Өйткені бізде халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігінен ажиотаж, шу болып жатқанда бағаны көтеріп алып, түсірмей қоятын, «әлі де өспей тұрғанда, осы бағамен алып алыңыздар» деген сияқты махинациялар көп болады, - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Доллар бағамына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Бірінші – мұнай бағасы. Бірақ соңғы кезде оның құны, керісінше, төмендегенін ескерсек, сұраққа жауап табу қиындайды.

Мұнайға деген тапшылық болуы мүмкін. Қазір ішкі нарықтағы мұнай бағасы – көршілес елдермен салыстырғанда, ең төмен. Мұнай өнімдерінің бағасы да төмен деп айта аламыз, - дейді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Еске сала кетсек, доллар соңғы 4 жылдың ішінде мың құбылды. 2020 жылы 1 доллар 424 теңге көлемінде сатылса, 2021 жылғы орташа бағамы 427 теңге болған. Ал 2022 жылы көктемде 480, былтыр 429 теңге маңайында саудаланды.

Әлемдегі валюталық операциялардың 90 пайызы доллармен іске асады. Мұнай сияқты маңызды тауарлар да әдетте осы ақшамен бағаланады. Демек оның құбылуы бізге ғана емес, өзге мемлекеттерге де әсер етпей қоймайды.