Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыздықты тоқтату керек! - Шымкент әкімі

Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыздықты тоқтату керек! - Шымкент әкімі gov.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 19 қараша, 2024

Мемлекеттік сатып алу басқармасына жыл басынан бері 2 430 шағым түскен

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппараттық мәжілісте күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қаралды. Мегаполис басшысы ең алдымен жылыту маусымында тұрғындардан түскен проблемаларға тез арада кері байланыс орнату керек екенін айтты. Сондай-ақ азаматтарға құбырларды тазалау бойынша түсіндірме жұмысын тұрақты жүргізу қажет деді. Бұл туралы Шымкент әкімдігінің Telegram-арнасы хабарлады.

Күн тәртібіне сәйкес, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев өнеркәсіп саласының дамуына қатысты баяндама жасады. Айтуынша, жыл басынан бері кәсіпорындар 913,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 78,2 млрд теңгені қамтитын 16 инвестициялық жоба іске асып, нәтижесінде 1 693 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Биыл 1 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттiк сатып алу туралы» жаңа заңға қол қойды. Жиында Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқарма басшысы Алмас Абаев аталған заңдағы өзгерістер туралы баяндады. Қазір жаңа заңға сәйкес жұмыс жүргізу үшін басқарманың құрылымына өзгерістер енгізілген, - делінген хабарламада.

Әкімдік мәлметіне сүйенсек, шағымдарды қарау мақсатында жаңа бөлім ашылған және 1 штаттық бірлікте басшы орынбасары лауазымымен толықтырылған. Өйткені басқармаға жыл басынан бері 2 430 шағым түскен.

Мемлекеттік сатып алу саласында бірқатар заңсыздық бар екені рас. Мұны тоқтату керек. Біз мемлекеттің ақшасын жымқыратындар үшін емес, халық үшін жұмыс істейміз. Сондықтан барлық басқарманы қатаң тексеріп, тиісті шара қолданыңыздар. Өнім берушілерден түскен шағымдарды да ескеру керек. Қабылданған заң ашықтықты қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған, - деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.