Бишімбаевтың мейрамханасына қазіргі вице-министр ақша құйған
Жобаларымыз туралы пікір алмасып, жиі кездесіп тұрдық, - дейді ол
Қазір Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде бірінші вице-министр болып отырған Қаныш Төлеушин экс-министр, әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қунадық Бишімбаевтың мейрамханасына ақша құйғанын растады.
Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Төлеушин мемлекеттік қызметке келмей тұрып, әртүрлі саладағы жобаларға ақша құйғанын айтты. Солардың ішінде Астанада Салтанат Нүкенова қаза тапқан «Гастроорталық» мейрамханасы да бар.
Мен мемлекеттік қызметке бизнестен келдім. Сондықтан бизнесте жүргенде әртүрлі жобаларға ақша құйдым. Соның ішінде осы мейрамхана да бар. Бірақ қазір мейрамхананың құрылтайшылары арасында атым жоқ, - деді Қаныш Төлеушин.
Оның айтуынша, Қуандық Бишімбае өзі сияқты «Болашақ» бағдарламасының түлегі болған соң олар кездесіп, бизнес туралы сөйлесіп тұрған.
Бәріміз «Болашақтың» түлегі болған соң жобаларымыз туралы пікір алмасып, жиі кездесіп тұрдық. «Болашақтың» өзге де түлектері сияқты, біз үнемі араласамыз. Бізді байланыстыратын осы дүние. Бірақ қайталап айтайын, мен мейрамхана құрылтайшыларының арасынан кеткенмін, - деді вице-министр.
Алайда ол құрылтайшылар қатарынан кету шешімін Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін қабылдады ма, әлде оған дейін бе, нақты айтқан жоқ.