«Өзіміз импорттан аламыз»: қант қызылшасы мәселесі әлі шешілер емес
Жасыратыны жоқ, келесі жылы қызылшаға арналған алаңдарды азайтамыз, - деді вице-премьер
Депутат Жигули Дайрабаев қызылша өсіретін шаруалардың мұңын айтты. Мысалы, Қазақстанға жылына 550 мың тонна қант қажет. Ал бізде әрі кетсе оның 120 мың тоннасы ғана бар. Өйткені өндіретін зауыт аз. Бар болғаны 3 кәсіпорын жұмыс істейді.
Бұл кеше ғана пайда болған мәселе емес. 12 жылдан бері жыры таусылмай келеді. Проблемаға бей-жай қарай алмаған депутаттар Үкіметке келесі жылы 3-4 өндіріс орнын қалпына келтіруді ұсынды.
Қызылшаның жағдайы не болады? Осы мәселе, 12 жыл болды, жыр болып келе жатыр. Шаруа адамы ретінде қызылша өсіргендердің ешқайсысының да кінәсі жоқ қой. Биыл өте мықты өнім болды. Қазақша айтқанда, тірліктің бәрі рәсуа болып жатыр, - деді Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев.
Ал премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 2025 жылдан бастап 3 зауыт жаңартылатынын айтты. Осы арқылы тағы 500 мың тонна дақыл қосылады. Бірақ мұның өзі аз. Бізге кемінде 2 миллион тонна өнім қажет. Мәселені шешу үшін Үкімет инвесторлар іздеп жатыр екен.
Бір инвестор табылды, тағы бірі қарастырылып жатыр. Бұл да оңай емес. Зауыт салу үшін 500 миллионнан 1 миллиард теңгеге дейін инвестиция керек. Инвестор келсе, біз де зауыт салуға дайынбыз. Бірақ зауыт салу үшін тағы да 2 жыл қажет. Жасыратыны жоқ, келесі жылы қызылшаға арналған алаңдарды азайтамыз. Өзіміз қызылшаны импорттан аламыз, - деді Серік Жұманғарин.