Қазақстаннан Қытайға ірі қара терісі экспортталатын болды
Құжат отандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді
Пемьер-министр Олжас Бектеновтің Шанхайға сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында ҚР-дан ҚХР-ға экспортталатын ірі қара малдың терісіне инспекциялық, карантиндік және ветеринариялық-санитариялық талаптар туралы хаттамаға қол қойылды.
АШМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл хаттама – 3 жылдық екіжақты келіссөздердің нәтижесі, елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам. Құжат елдің экспорттық әлеуетін, отандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.
Ірі қара терісі Қытайға экспорты осындай келісімдермен реттелетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11-түріне айналады. Бұған дейін мұздатылған сиыр еті, қой еті, шошқа еті, бал, балық, сүт өнімдері, жүн шикізаты, асыл тұқымды және сойылатын жылқылар, сондай-ақ сойылған ірі қара малды экспорттауға хаттамаларға қол қойылған болатын. Жалпы, АШМ отандық агробизнес үшін экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, - деп мәлімдеді АШМ баспасөз қызметі.
Бұл ретте қазақстандық өнімге жоғары сұраныс байқалатын Қытай нарығына ерекше назар аударылады.