Louis Vuitton мен Gucci брендтері қазақстандық маталарды пайдаланбақ
Түркістанда жасалған тігін жіптері мен маталар сатылады
Louis Vuitton мен Gucci брендтері қазақстандық мақтадан жасалған маталарды пайдаланатын болды.
Түркістан облысындағы «Тұран» арнайы экономикалық аймағында құны 146,8 млрд теңге болатын мақта өңдеу кешені салынбақ.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, толық циклді тоқыма фабрикасында иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу сияқты 11 цех болады. Өндіріс қуаты жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 миллион метр үй тоқыма бұйымдарын, 7 миллион төсек-орын жиынтығын қамтиды.
Мақта кластерін дамытуға бағытталған өнеркәсіп кешенінің құрылысын Xinjiang Lihua (Group) Co., LTD компаниясы жүргізеді. Жобаның маңызды артықшылығы – компанияның Louis Vuitton және Gucci сияқты сән индустриясының алыптарымен тікелей ынтымақтастығы. Алдағы уақытта Түркістанда жасалған тігін жіптері мен маталар осы брендтерге сатылады, - делінген министрлік хабарламасында.