Шетелде жұмыс істеуге қатысты жаңа ереже әзірленді
Ол үшін жеке агенттік жұмыс берілетін елдегі шетелдік банктерге кепілдік жарнасын енгізуге тиіс
Қазақстандықтардың шетелде жұмыс істеуі туралы жаңа ереже әзірленді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұйрық жобасын «Ашық» НҚА порталына жариялады. Аталған құжатқа сәйкес, шетелге жұмысқа орналасуға баратын Қазақстан азаматына кәсіптік біліктілігі мен дағдыларын арттыру курсы ұйымдастырылады. Бұған қоса, шетелде жұмыс істеген кезде оның еңбек құқығын қорғау шаралары қарастырылады.
Құжаттың басты тұсы – Қазақстан азаматын шетелге жұмысқа орналастыру жеке агенттік жұмысшыны оның келісімшарты аяқталған соң өз еліне қайтаруға кепілдік бергенде ғана іске асады. Ол үшін агенттік жұмыс берілетін елдегі шетелдік банктерге кепілдік жарнасын енгізуге тиіс, – делінген ақпаратта.
Айта кетерлігі, оқу, шетелде тұру, біліктілікті арттыру, медициналық тексеру, ұшақ билеті және басқа да қызметтерді жұмыс іздеуші өз қаражаты есебінен іске асырады.