Шаруаларды қаржыландыру бағдарламасы қайта іске қосылды

Шаруаларды қаржыландыру бағдарламасы қайта іске қосылды Түркістан облысының әкімдігі
bai-bol.kz bai-bol.kz | 2 қараша, 2024

Корпорация көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 320 млрд теңге бөлді

Аграрлық несие корпорациясы 1 қарашадан бастап «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдауға кірісті. Бұл туралы Ауылшаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Біз көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыруды ерте іске қосамыз. Алғашқы 100 миллиард теңгеге өтінім қабылдау қараша айында басталады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары сақталады және фермерлер несиелерін бұрынғы шарттармен төлей алады, - деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Айта кетсек, биыл Аграрлық несие корпорациясы көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 320 млрд теңге бөліп отыр. Ал былтыр 140 млрд теңге берілген болатын.

Президент тапсырмасын орындау аясында, Үкіметтің қолдауымен 2025 жылдың көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарына 700 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Оның 560 млрд теңгеге жуығын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ пен Аграрлық несие корпорациясы нарық капиталынан тартатын болады.

Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларының арқасында барынша қолайлы жағдайда қаржылық қолдауға ие болады.

Мемлекеттік қолдаудың сынақтан өткен механизміне сәйкес, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіретін құрал қолданады. Ал Аграрлық несие корпорациясының еншілес компаниясы – «ҚазАгроҚаржы» АҚ жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама өзіміздің өндірушілерді ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 7 жылға дейінгі мерзімге қаржыландырады.