Қазақстандық облигацияларға сұраныс ұсыныстан 4 есе асып түсті

Қазақстандық облигацияларға сұраныс ұсыныстан 4 есе асып түсті Тұрар Қазанғапов
bai-bol.kz bai-bol.kz | 1 қараша, 2024

FTSE-ге келетін болсақ, жаңа «көгілдір фишкаларды» бағалау қажет

Бұл туралы Лондонда өткен «Қазақстандық акциялар нарығы күні» панельдік пікірталасы кезінде сөйлеген сөзінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлады Kazinform.

Қазақстанның әлемдік қор индекстеріндегі позициясын нығайту және инвесторларды тарту мақсатында KASE қор биржасы Deutsche Bank және Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен британдық аудиторияға қазақстандық капитал нарығына кірудің артықшылықтарын ұсынды.

Қазақстандық қор нарығына әсіресе мемлекеттік компанияларды ауқымды жекешелендіру қарсаңында инвесторларды тарту Қазақстанның MSCI және FTSE индекстерінде 2017 жылы алынған Frontier Markets санатынан (шекаралық нарықтар) Emerging Markets (дамушы нарықтар) мәртебесіне көтерілуге көмектеседі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жиналғандардың назарын Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығына аударды. Бұл жақында тәуелсіз облигацияларды орналастыру кезінде расталды. Оның айтуынша, мұндағы сұраныс ұсыныстан 4 есе асып түскен.

Ол тұрақты экономикалық өсім мен мемлекеттік қарыздың төмендігін, айтарлықтай резервтер және жақында Moody's агенттігінің Қазақстанның егемен рейтингін «Тұрақты» болжамымен Baa1-ге дейін жоғарылатуын атап өтті. Бұл – ол тағайындалғаннан бері ел үшін ең жоғары көрсеткіш.

Мәдина Әбілқасымова Қазақстанның әлемдік қор нарықтарында, әсіресе, «Шекарадағы нарықтар» санатынан «Дамушы нарықтар» мәртебесіне өтудегі өз мәртебесін жақсартуға бағытталған күш-жігері туралы айта келе, бірқатар негізгі проблеманы атап өтті.

Біз Қазақстанның дамушы нарық мәртебесін алуына кедергі келтіретін кемшіліктер мен олқылықтарды анықтау үшін жыл сайын мәртебемізді жақсартуға арнаулы жол картасын қабылдаймыз. Сапасы жағынан бәрі өте жақсы болып көрінеді, бірақ әлі де біраз жұмыс істеу керек, - деді агенттік төрағасы.

Қазақстан пысықталу үстіндегі кейбір кемшіліктерді қоспағанда, FTSE және MSCI қор индекстері қызметтерінің талаптарын толықтай дерлік сақтап келеді.

FTSE үшін біз қазір жұмыс істеп жатқан есеп айырысу циклін (қаржы нарықтарында мәмілені аяқтау үшін қажетті уақыт кезеңі – ред.) қоспағанда, барлық дерлік міндетті талаптарды орындап келеміз. Дамушы нарықтар үшін MSCI белгілеген сапалық көрсеткіштердің көпшілігі де орындалды. Дегенмен соңғы бағалау барысында капитал шотын ырықтандыру, бағалы қағаздарды несиелеу, қысқа мерзімді сату және институционалдық тұрақтылық сияқты бірнеше саланы жақсарту қажет деген қорытындыға келдік, - деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, тіркелген компаниялардың ең аз саны, ең төменгі нарықтық капиталдандыру сияқты талаптардың барлығы дерлік орындалған.

FTSE-ге келетін болсақ, капиталдандыру, еркін айналым және өтімділік талаптарына сәйкес келетін жаңа «көгілдір фишкаларды» (үлкен капиталдандырылуы және жоғары өтімділігі бар ірі компаниялардың акциялары – ред.) бағалау қажет, - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Бұл тұрғыда агенттік төрағасы алдағы уақытта мемлекеттік компанияларды жекешелендірудің бағдарламасы ауқымды екенін атап өтті. Оған шетелдік инвесторлардың қатысуы қажетті өтімділікті енгізу және сауда көлемін ұлғайту арқылы қазақстандық қор нарығының бәсекелестік артықшылықтарын нығайтуға мүмкіндік береді.

Болашақта Үкімет пен бақылаушы органдардың қолға алатын негізгі шаралары, әрине, ірі мемлекеттік компанияларды жекешелендіру бағдарламасы болатын шығар. Бағдарламаны президентіміз бекітті. Ол – өте қатал. Оның құрамына жүздеген компания кіріп отыр, - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы.