Менің үйімде бірде-бір отандық техника жоқ - министр

Менің үйімде бірде-бір отандық техника жоқ - министр sputnik.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 30 қазан, 2024

Елде өндірілетін қарапайым тұрмыстық техниканы дүкен сөрелерінен кездестірмейміз

Елде кір жуғыш машина, теледидар мен шаңсорғыш шығарылады. Бірақ олардың қайда сатылатыны белгісіз. Салаға жауапты деген Өнеркәсіп және құрылыс министрінің өзі қайдан алуға болатынын айта алмады. Алуға кеңес бергенімен, сапасына сенбей ме, өзі де тұтынбайды екен, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Министрдің дегенін тыңдап, отандық өнімді қолдайын десең, дүкен сөрелерінен таппай қиналасың. Тұрғындар бірде-бір рет елден шыққан тоңазытқыш көрген емеспіз дейді. Сонда өнеркәсіп басшысы кімді алдап отыр?

Бүгінде әлі отандық өнімге бүйрегіміз бұрмай тұр. Елден шыққан десе, күдікпен қарайтынымыз жасырын емес. Десе де отандық көлікке сұраныс бар дейді мамандар. 9 айдың ішінде 82 мыңнан аса жеңіл автокөлік шығарылған. Комбайн мен тракторлардың саны 5 мыңға жетіпті. Көрсеткішті 2 есе өсіруге ниет бар. Ол үшін құны 150-200 млн доллар болатын жаңа зауыттардың құрылысы басталған.

Алайда қағазға жазылған есепті оқып, жетістік бар деп мәз болу оңай. Отандық өнім деген аты ғана сияқты. Затына үңілсең, елде құрастырылған көліктердің темірі Қытайдан келеді. Шикізатты өзімізден қашан шығаратынымыз белгісіз. Бірақ соған қарамастан Қазақстан машина жасау өнімінің экспортын арттыруды көздеп отыр.

Нақты көлем индексін 2,2 есе, ақшалай өндірісті 4,5 есе, экспорт көлемін 3 есе, еңбек өнімділігін 2 есе, инвестицияларды 1,5 есе ұлғайту бойынша қойылған нысаналы индикаторлар 2029 жылға қарай елдің ЖІӨ-сін 2 есеге арттыру бойынша өз үлесін қосуға мүмкіндік береді, - деп зырылдатты Машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев.

Машинаны былай қойғанда, елде өндірілетін қарапайым тұрмыстық техниканы табу мұң. Дүкен сөрелерінен кездестірмейміз. Бірақ министрлік тоңазытқышы бар, шаңсорғышы бар, тіпті, теледидарды да шығарамыз деп есеп берді. «Оларды қайдан табамыз?» деген сұраққа аузына құм құйылғандай, анығын айта алмады.

Менің үйімде ондай техника жоқ. Бірақ Dauscher өндірген техниканы, оның ішінде пешті туысыма сыйлыққа алдым. Жолдасым оны интернет арқылы сатып алды, - деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Ал елдегі ауыл шаруашылығы техникаларының 76 пайызы тозған. Оны кеше Үкімет басшының өзі айтты. Сондықтан ол қоластындағыларға жұмыс қарқынын арттырып, дайын өнімдер мен қосалқы бөлшектер шығаратын жаңа жобаларды іске қосуды тапсырды.

Биыл ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің жылдық көлемі 263 млрд теңге болды. Енді оны 300 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.