Бектенов қазақстандықтарды отандық көліктерді сатып алуға шақырды

Бектенов қазақстандықтарды отандық көліктерді сатып алуға шақырды primeminister.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 30 қазан, 2024

Жаңа машиналарды сатудың жалпы көлеміндегі отандық автокөлік үлесі 63%-ға жетті

Қазақстанда машина жасау өнімдерінің нарығы 31,6 млрд долларға бағаланады. Оның шамамен 16%-ы отандық өндірістің үлесіне тиесілі. Үкімет басшысы еліміздің аккумуляторлар, трансформаторлар, кабелдер, локомотивтер, автокөліктер мен автобустар экспорттайтынын еске салды.

Енді ЕАЭО нарығында қазақстандық өнімнің үлесін арттыру қажет. Сондай-ақ Олжас Бектенов экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналуға тиіс екенін баса айтты.

Біз қазақстандық өнімдерді сатып алып, сыртқы нарықтарда белсенді түрде дәріптеуіміз қажет. Өз кезегінде отандық өндірушілер ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін де, экспортқа да қажетті көлемде тауар өндіруді қамтамасыз етуге дайын. Біздің алдымызда локализациялау үлесі жоғары өндіріс циклін құру міндеті тұр. Бұл ретте жұмыс тиімділігін арттыру үшін өндірісті дер кезінде жаңғыртып отыру маңызды, - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол заманауи цифрлық және өнеркәсіптік технологияларды енгізудің, өндірістік үдерістерді роботтандыру мен автоматтандырудың маңызды екенін айтты.

Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева Үкімет отырысында машина жасау саласындағы қазіргі ахуалды баяндады. Мысалы, жалпы машина жасау саласындағы автокөлік жасау үлесі 39,4%-ға тең. Ал есепті кезеңде жаңа машиналарды сатудың жалпы көлеміндегі отандық автокөліктердің үлесі 63%-ға жетті.

Биыл жал қорытындысы бойынша Қазақстанда 130 мыңнан аса жеңіл автокөліктер мен коммерциялық техника шығарылады деген жоспар бар.