Виктор Цойдың салған суреті аукционда рекордтық бағаға сатылды
Абсолютті әлемдік рекорд жоғарғы эстимейттен 5 есе асып түсті
Аты аңызға айналған музыкант, ақын және актер Виктор Цойдың жұмысы рекордтық 76 972 еуроға (40 527 297 теңге) сатылды.
Ресейдің Vladey заманауи өнер аукционының мәліметі бойынша, қайырымдылық шарасы сенбі күні өткен. Ал оның алдында аукционға дейінгі көрме болған.
Виктор Цойдың жұмысы үшін 60 мың еуро сомасында «Сатылды!» деген сөз естілді. Бұл – абсолютті әлемдік рекорд, жоғарғы эстимейттен 5 есе асып түсті. Комиссияны қосқанда, жиынтық сома 76 972 еуроны қамтыды, - делінген аукцион сайтында жарияланған хабарламада.
Бұл Виктор Цойдың көркем шығармашылығына тән сурет – басы төртбұрышты адам екендігі түсіндіріледі. «Кино» тобы лидерінің көркем шығармаларының көп бөлігі фломастермен салынған суреттерден тұрады.
Жарқын түстерден басқа, олардың барлығына ерекше лаконизм мен мәнерлілік тән. Ол қарапайымдылығымен және шынайылығымен балалар шығармашылығын еске түсіреді. Бірақ сонымен бірге оның жұмыстары «балаларға тән емес» қара әзілге толы. Бұл жұмыстар махаббат, соғыс және өлім тақырыптарын қозғайды, - делінген материалда.
Алдымен рок-музыкант ретінде танылған Виктор Цой академиялық сурет салу дағдыларын меңгерген, көркемдік білімі бар, графика, кескіндеме және ағаш оюмен айналысқан. Жас кезінде ол бірнеше жыл көркемсурет мектебінде, содан кейін В.А. Серов атындағы Ленинград көркемсурет мектебінде көркемдеуші мамандығын оқыған. Кейін ағаш оюшы білімін таңдаған.