Билік шаруалардың егіндегі ескі-құсқы техникасын жаңартып алуына қарыз береді
Бірақ утилизациялық алымды алып тастауды қарастырып жатқан жоқ
Сенат депутаты Әли Бектаев Үкіметке ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алымды алып тастауды ұсынды.
Қазақстанда ауыл еңбеккерлері пайдаланып жүрген ауыл шаруашылығы техникасының 76%-ының тозығы жеткен. Норматив бойынша әр 1 мың гектарға 5 трактор мен 3 комбайнның керектігін ескерсек, қазір егіс алаңдарына 65 мың трактор, 43 мың комбайн жетпейді. Жыл сайын елімізде ауыл шаруашылығы техникасы 4,5% ғана жаңарады. Мұны ескерсек, тек жетіспейтін тракторлар мен комбайндардың орнын толтыру үшін 14-15 жыл керек, - деді сенатор.
Оның айтуынша, қазір елімізде ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтарын өндіретін 10 зауыт, өздігінен жүретін техниканы шығаратын 8 кәсіпорын бар.
2023 жылы олар 5,4 мың трактор, 1 мың комбайн, 17 мыңнан аса тіркемелі құрылғыны жасап шығарды. Бұл – тракторлар мен комбайндарға деген жылдық қажеттіліктің 80 пайызын, ал тіркемелі техникалардың 30 пайызын қамтиды. Өкінішке қарай, бізде шығарылатын тракторлар мен комбайндардың қазақстандық мазмұны – тек 42-44%. Негізгі қосалқы бөлшектер сырттан келеді. Сондықтан да олар өте қымбат, - деді Әли Бектаев.
Осылайша, ауыл шаруашылығы техникасын тауар өндірушілер сатып ала алмайды. Керекті жеңіл құрылғылардың, соқалар мен культиваторлардың, дискілі тырмалардың, мал азығын дайындайтын машиналар мен механизмдердің, пішен жинағыштар мен тұқым сепкіштердің, көшет отырғызатын жабдықтардың басым бөлігі шетелден әкелінеді.
Негізінен металдан тұратын, қарапайым ғана осы техникаларды неге елімізде көптеп шығаруға болмайды? Жалпы, Қазақстанда отандық аграрлық машина жасау саласын дамытудың бағдарламасы, болмаса концепциясы бар ма? - деді депутат.
Сондай-ақ ол жаңа ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алымның құны жоғары екенін атап өтті. Соның салдарынан шаруалар әбден тозған тракторлар мен комбайндарды жөндеп, пайдалануға мәжбүр.
2024 жылы утиль алымының көлемі – бір трактор үшін 370 мың теңгеден 7 млн 380 мың теңге, ал бір комбайн үшін 1 млн 600 мың теңгеден 8 млн 300 мың теңге аралығында. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасын металлоломға өткізіп күн көреді, - деді Әли Бектаев.
Осы орайда сенатор ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алымды алып тастауды ұсынды.
Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған «Жасыл даму» АҚ-ның үлесі неде? Жалпы, ауыл шаруашылығы техникалары үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса, мемлекет ұтпаса, ұтылмайды деп ойлаймыз, - деді сенатор.
Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев одан кейін журналистерге берген жауабында утилизация алымы жойылмайтынын мәлімдеді.
Утилизация алымына қарсы топтардың өкілдері Астанаға келіп, менімен тікелей сөйлесті. Үкіметте утильалымды өзгерту бойынша қазір ешқандай жоспар жоқ. Әрине, біріншіден халықтың пікірі ескерілуі керек. Бірақ оны заң бойынша іске асыру шарт. Қазір утильалымға қарсы петицияға қол қойылып жатыр. Петицияның қорытындысы Үкімет деңгейінде қаралады. Бәріне түсінікті болу үшін тағы қайталап айтамын, біз утилизациялық алымды алып тастауды қарастырып жатқан жоқпыз, - деді министр.
Ал ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 450 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс емес, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты. Оның пікірінше, мәселені шешу үшін шаруаларды қолжетімді несиемен дер кезінде қамтамасыз ету керек. Сондықтан биыл салаға бюджет қаражатынан басқа да көздер, соның ішінде екінші деңгейлі банктердің капиталы да тартылған. Енді көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиемен толық қамту үшін жыл сайын 1,5 триллион теңге, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту тапсырмасын 8-10% деңгейінде орындау мақсатында жеңілдікті лизингке 450 млрд теңге бөлінеді.
Қазір қаржыландыру көздері пысықталып жатыр. Бірақ, «Тегін ірімшік қақпанда ғана бар» дегендей, бұл қаражаттың бәрі қайтарылуы қажет.