Қандастардың бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы берілді
Жыл басынан бері 575-і тұрақты жұмысқа орналасқан
Биыл 14 391 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, «қандас» мәртебесін алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Жалпы, 1991 жылдан бері елге 1 млн 142,7 мың этникалық қазақ оралған. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы мына өңірлер анықталды:
- Ақмола облысы;
- Абай облысы;
- Қостанай облысы;
- Павлодар облысы;
- Шығыс Қазақстына облысы;
- Солтүстік Қазақстан облысы.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды қамтиды. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, қоныстандыру өңірлеріне 2 477 қандас қоныс аударды, - делінген хабарламада.
Жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мынадай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:
- бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне – 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде;
- тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-тен 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 2 140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, 575 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді, - деп мәлімдеді министрлік.
Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны – 57,6%, еңбекке қабілетті жастан кіші – 33,1% және зейнеткерлер – 9,3%. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша, 17,9%-ы – жоғары білімді, 24,4%-ы – орта кәсіби білімді, 54,4%-ы – жалпы орта білімді және 3,3%-ының білім жоқ.
Таратылған ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстанға қандастардың көп бөлігі мына елдерден оралған:
- 45,8%-ы – Қытайдан;
- 39%-ы – Өзбекстаннан;
- 5,9%-ы – Моңғолиядан;
- 5,2%-ы – Түрікменстаннан;
- 2,9%-ы – Ресейден;
- 1,2%-ы – басқа елдерден.
Былтыр пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асты. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге келу, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінде этникалық қазақтардан жаңа форматта 19 022 өтініш қабылданды, - деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.