Ақтөбе облысының оқушысы бесікті смартфонмен басқару жүйесін ойлап тапты

Ақтөбе облысының оқушысы бесікті смартфонмен басқару жүйесін ойлап тапты дереккөз
bai-bol.kz bai-bol.kz | 22 қазан, 2024

Қазір жиналмалы бесіктер көп, ал ақылды бесіктер қолданыста жоқ, - дейді ол

Ақтөбелік оқушы бесікті адам көмегінсіз басқаруға болатындығын дәлелдеді. Ол көп ізденіп, бесікті смартфонмен басқару жүйесін жарыққа шығарды, деп хабарлады BAQ.KZ.

Бұл заманауи бесіктің авторы – Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Қ. Мұханбетқалиұлы атындағы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Ахмад Әлібекұлы.

Қазір жиналмалы бесіктердің саны көп, ал ақылды бесіктер қолданыста жоқ. Бесікті қашықтан басқару жүйесі өте қолайлы, мұндай технология жарыққа шыққан сайын сұраныстың арта түсері сөзсіз. Бұл – әсіресе үй шаруасындағы аналарымызға ыңғайлы құрылғы. Менің де бесіктегі кішкентай інім бар. Сондықтан анама қолғабыс етіп, жұмысын жеңілдету мақсатында осы идея туды, - дейді жас өнертапқыш.

Ахмад бұл идеясын іске асыру үшін алдымен техникалық тұрғыдан білімін кеңейтіп, Arduino жинағымен толық танысып, оның мүмкіншіліктерін жіті зерттеп шыққан. Ары қарай осы технологияға қатысты барлық жинаған білімін практикалық жағынан сынап көреді және бұл сынақтан ойдағыдай өтіп, бесікті басқаратын жүйені іске қосады.

Ақтөбелік жас дарын 5-сыныптан бері «Робототехника» үйірмесіне белсенді қатысып келеді. Сол екі жылдық білімінің нәтижесінде ақылды бесікті жарыққа шығарды. Бұл тұрғыда оған бағыт-бағдар көрсетіп, идеясын қолдаған жетекшісі – Мейірбек Ізбасаров.

Айта кетсек, Ахмад «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсы республикалық кезеңінің 1-орын иегері атанған.