«Аппақ гүлдерді» қарызға жаздырып, көйлекті өзім тіккенмін - Ақбота Керімбекова
Күндіз-түні ұйықтамай, 2-3 мың теңгеге тойға шықтық, - дейді ол
Әнші Ақбота Керімбекова қазір сахнаға жаппай «желі жұлдыздарының» шығып кеткенін алға тартып, өзінің кезінде қалай танылғанын айтты.
Айта кетсек, ол блогер Мұрат Әбділданың Республика сарайында ән айтқанына шүйліккен еді. Ал оқырмандары әншінің өзін «Желі жұлдызынан сахнаны қызғанып жатыр» деп айыптады.
Бір оқырмандарым «Мұраттан сахнаны қызғанып жатырсың ба?» деп сұрапты. Іштен әбден күліп алдым. Әркім өзі айналысып жүрген ісіне, істеп жүрген жұмысына, еңбек етіп жатқан ордасының жай-күйіне алаңдап, оның мәселелеріне бас қатыруы керек. Сахна – біздің жұмыс орнымыз. Мен өзім онда шығу үшін музыка мектебінде оқыдым, өнер академиясында кәсіби білім алдым. Қанша сын-сараптан өттім. Неге мен оған бас ауыртпауым керек? Ол жердің жайын мен айтпағанда, кім айтады? Жастардың бәрі бірден жұлдыз болып кете алмайды. Талай киінген-шешінген, аузына келгенді айтқандарды көрдік. Сахнаның қасиеті сол, ондайлар бір-ақ күнде ысырылып қалды, – деп жазды әнші Instagram-дағы парақшасына.
Сондай-ақ ол өзінің сахнаға алғаш шыққан сәтін де есіне алды.
Өзіміз де жеңіл жолмен келген жоқпыз. Қанша автордың ізінде жүріп, ән іздедік. Күндіз-түні ұйықтамай, 2-3 мың теңгеге тойға шықтық. Соның ақшасын құрап, ән жаздырдық. Өздеріңіз сүйіп тыңдайтын «Аппақ гүлдер» деген әннің аранжировкасын мен қарызға жаздырдым. «Кейін беремін» деп мата сатып алып, содан өзіміз киім тігіп, сахнаға шығатынбыз. Әндеріміз көркемдік кеңестің шешімімен ғана насихатталатын, – деді Ақбота Керімбекова.