Қарапайым жұрт «қара тізім» деп атайтын несие тарихын жоюға бола ма?
Несие ұзартылғанда, пролонгация да несие тарихына әсер етеді
Несие тарихы – қарыз алушының қарыздық міндеттемелері туралы ақпарат. Оның маңыздылығына қарамастан, кейбір азамат оған аса мән бермейді.
Fingramota.kz-тің мәліметінше, адамдар оған несие рәсімдегенде банк немесе микроқаржылық ұйымдар бас тартқанға дейін қарамайды.
Егер несие тарихы бұзылған болса, онда жағдайды түзеуге тырысқан жөн. Мұндайда ешбір делдалдың қызметіне жүгінбеу керек. Жеке несиелік есепке қатысты әрқашан есте сақталуға тиіс маңызды нюанстарды осы материалдан оқып біле аласыздар.
Несие тарихы деген не?
Сізге түсінікті болу үшін мысал келтірсек, сіз – банксіз және сізден несие алғысы келетін адам туралы ештеңе білмейсіз. Ол сізге құжатпен келеді, ал құжаты кофе төгілген немесе жыртылған болуы мүмкін. Мұндай қарыз алушыға сенесіз бе? Әрине, жоқ. Екінші қарыз алушы мінсіз құжатпен келеді. Онда оның бұрын қандай несиелер алғаны көрсетілген. Оларды уақытында жапқаны, несие бойынша мерзімінен кешіктірмегені, сот істеріне қатыспағаны және банкроттық процедурасын қолданбағаны туралы ақпарат бар. Бұл құжат – жеке несиелік есеп, яғни несиелік тарих – барлық қарыз алушыларда болатын өзіндік қаржылық құжаттама.
Қаржылық тәуекел
Несие тарихына сүйеніп, банктер тәуекел деңгейін бағалайды, сіздің қаржылық жауапкершілігіңізді және сенімділігіңізді анықтайды. Мысалы, сіз бұған дейін белгілі бір сомаға банк қарызын рәсімдегенсіз немесе техника алғансыз және ай сайынғы төлемді уақытында төлеп, несиені мерзімінен бұрын жапқансыз. Бұл ақпарат сіздің несиелік тарихыңызға түседі және сіз банктер үшін жауапты қарыз алушы боласыз. Біраз уақыттан кейін басқа банкте тағы бір несие алуға шешім қабылдадыңыз, ол сіздің несие тарихыңызды талдайды және үлкенірек сомаға несие беруді мақұлдайды.
Айта кетейік, несие ұзартылғанда, пролонгация да несие тарихына әсер етеді. Биыл қыркүйектен бастап несие тарихына банктік қарыздар мен микронесиелер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу туралы мәліметтер де енгізілді (соңғы төлем, сома және т.б.).
Несие тарихы қайда?
Несие тарихын Қазақстанның Мемлекеттік кредиттік бюросынан немесе Бірінші кредиттік бюродан алуға болады. Онда қазақстандықтардың жеке несиелік есептері сақталады. Сондай-ақ электронды үкімет порталынан (eGov.kz) алуға болады. Ол үшін өтініш толтырып, оған ЭЦҚ арқылы қол қою керек. Нәтиже сіздің «Жеке кабинетіңізде» пайда болады.
Айта кетейік, банктер мен микроқаржылық ұйымдар тұтынушылардың несие шартына өтініштері туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде несиелік бюроға беруге міндетті. Мәліметтерде қарыз алушының ЖСН, банктік қарыздың немесе микронесиенің сомасы мен мақсаты көрсетіледі. Бұл – қаржылық реттеуші қабылдаған жаңашылдықтардың бірі. Ол кредиторларға азаматтардың әртүрлі банктер мен микроқаржылық ұйымдарға бір уақытта өтініш бергені туралы ақпаратты алуға мүмкіндік береді.
Несие тарихын жою
Қазақстан Республикасындағы «Кредиттік бюролар және кредиттік тарихтарды қалыптастыру туралы» заңына сәйкес, кредиттік бюро азаматтың несиелік тарихы туралы ақпаратты оны алған күннен бастап 5 жыл бойы сақтауға кепілдік береді және қамтамасыз етеді. Бұл ретте қарыз алушылардың несиелік тарихын жоюға болмайды. Демек, несиелік есептегі кешіктірулер туралы ақпаратты жою мүмкін емес, тек несиелік тарихтағы техникалық қателерді түзетуге болады.
Қалай жасалады?
Тіпті, XXI ғасырда да техникалық қателерден ешкім қорғалмаған, кез келген жүйеде сәтсіздік болуы мүмкін. Қалай болғанда да, сирек болса да кейде несиелік есепте қате ақпарат пайда болады. Мысалы, төленген төлем бойынша ағымдағы кешіктіру немесе жабық келісімшарт бойынша берешек туралы жазба пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ сіздің келісімшартыңыз «реабилитацияланған» мәртебесіне жататын болса, несиелік тарихта бұл мәртебе берілмеуі мүмкін, т.с.с.
Егер сізде қате ақпарат шығып тұрса, оны дереу банкке немесе микроқаржылық ұйымға хабарлаңыз және растайтын құжаттарды қоса беріңіз.