СҚО-дағы ерлер колониясында теңдессіз тігін цехы ашылды

СҚО-дағы ерлер колониясында теңдессіз тігін цехы ашылды СҚО ҚАЖД баспасөз қызметі
bai-bol.kz bai-bol.kz | 10 қазан, 2024

18 сотталған іріктеу арқылы жұмысқа алынды

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №48 мекемесінде модульдік ғимарат пайдалануға берілді.

СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, екі қабатты модульдік ғимаратта «Еңбек-Қызылжар» РМК-ның тігін цехы мен оқу сыныбы орналасқан. Нәтижесінде бұл нысанда 80 сотталған жұмыспен қамтылмақ.

Ғимарат 450 шаршы метрді алып жатыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін модульдік ғимаратта барлық қажетті жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар жұмысшылар, яғни тігіншілік дағдылары бар 18 сотталған іріктеу арқылы жұмысқа алынды. Жақын арада өндіріске тағы 60 адамды тарту жоспарланған.

Осындай модульдік ғимаратты біз бірінші болып қолданып жатырмыз, яғни республика бойынша баламасы жоқ. Ерекшелігі – бұл нысан тез жиналып, құрастырылады. Керек болған жағдайда оны бөлшектеп, жаңадан кез келген жерде тұрғызуға болады. Бірінші қабатта тігін машинкалары орналасқан, ал екінші қабатта оқу сыныбы бар. Оқыту дуалды жүйе бойынша іске асады. Сотталғандар бірден теорияда алған білімдерін бірінші қабатқа түсіп, пысықтап, қолдана алады, - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Мұрат Нәкенов.

Тігін цехының ашылу салтанатына келгендер нысанды аралап, жасалған жағдайды көрді.

Жол картасының іс-шараларын орындау аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мекеме аумағында алғаш рет осындай ірі жобаны іске асыру мүмкін болып отыр. Жоба білікті кадрларды даярлау және сотталғандар үшін жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында іске асты, - дейді Мұрат Нәкенов.

СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі
СҚО ҚАЖД баспасөз қызметі

Мекеме аумағында барлығы 7 жеке кәсіпкер жұмыс істеп, сотталғандарды еңбекпен қамтып отыр. Олар күнбағыс майын шығарады, жұмсақ жиһаздарды жинаумен, ат әбзелдерін, ағаштан жасалған құрылыс материалдарын жасаумен, көкөністер өсірумен және макулатураны қайта сұрыптаумен айналысады. Бүгінде мекемеде 126 сотталған жұмысқа орналасқан.