Жарма құртымыз моңғолдың ұлттық құндылықтары тізімінде тұрмасын (ВИДЕО)
Қазақстанда бұл өнім жеңсік ас ретінде зор сұранысқа ие болар еді
Журналист Серіккүл Сұлтанқажы Facebook-тегі парақшасына Моңғолия қазақтарының қой, ешкі, сарлық, кәйнек сүтінен дайындайтын тұзсыз, дәмі тіл үйірер жарма құрттың фото-видеосын жариялап, осы бір ұлттық өнімімізге қатысты мәселе көтерді, деп хабарлады bai-bol.kz.
Достар, Моңғолия қазақтары жарма құрт дайындайды. Тек Моңғолия ғана емес, құрт – Өр Алтайдағы, яғни Қытай жақтағы қазақтардың да дастарханнан үзілмейтін ас. Олардікі де жарма. Бұл жақта құртқа тұз қоспайды, тек шайға тұз салып ішеді! «Тұз қосылмаған құрт құрт па?» деп жатыр көпшілік. Дегенмен Моңғолия, Қытайдағы қазақтардың жарма құртын жеген де арманда, жемеген де арманда! - дейді әріптесіміз.
Автордың бұл айтып отырғаны – рас. Ол құрттың дәмін татып көргендер ғана тұзсыз да дәмді өнім жасауға болатынына көз жеткізе алады.
Видео астындағы пікірлерге қарап, Шығыс Қазақстан облысындағы ағайындардың да саба пісіп, іркіттен құрт қайнататынын білдік! Бұлар шекаралас жатқандықтан дастархан, дәстүр, әдетінің жақын екені анық. Айтқым келгені, Моңғолиядағы сүр ет пен жарма құртты қазақ осы бастан еншілеп алып, нарыққа бренд қылып шығаруды көздеу керек! Заманауи тілде бұл құрттың таптырмас калций екенін дәлелдеп көрсетіп, дұрыс жарнамаласақ, оған сұраныстың зор болатыны анық. Әйтпесе ол да бір күні моңғол ағайындардың ұлттық құндылықтарының тізімінде тұрады! - деп ескертті Серіккүл Сұлтанқажы.
Міне, гәп қайда жатыр?! Шынымен де кейін осы бір таңсық өнімнің өзіміздікі екенін дәлелдей алмай қалу – бір пәсте. Айта кетсек, бұл құрттың жасалу технологиясы да керемет!
Бұл құртты ең әуелі айранды ұйытып, сосын сабаға құйып, үстіне сүт қосып отырады. Үдеріс ортасында сұйылып кетпесі үшін тағы айранды ұйытып қосып, 70-80 литр сабаға толған кезде сүтті пісіріп, айранмен ірітіп, ақ ірімшігін сүзіп алып, сары суын ыстықтай құйып, сосын оны піседі. Сол кезде майы тез түседі. Содан кейін әбден пісуі қанған соң майды алып, іркітті қайнатады. Әбден қоюланып, қызарған соң қапқа салып, сүзеді. Бірнеше күннен кейін өреге жайып, кептіреміз, - деп бүге-шігесіне дейін баяндап берді Үнзила есімді желі қолданушы.
Мәселеге мән берер ұлтжанды азаматтар табылса, қазақтың жарма құрты – таптырмас кәсіп көзі! Әсіресе, тек сүзбе мен қара құртты сатылымға шығарып жүрген атажұрт – Қазақстанда бұл өнім жеңсік ас ретінде зор сұранысқа ие болар еді.