1 млрд теңгедей қаржы бөлінген екі фильм прокатқа шықпай қалған

1 млрд теңгедей қаржы бөлінген екі фильм прокатқа шықпай қалған Getty Images
bai-bol.kz bai-bol.kz | 9 қазан, 2024

Тіпті «Выбор» фильміне прокаттау куәлігі де алынбапты

Алматы прокуратурасы Мәдениет комитетінің төрағасы орынбасарының ұлттық киноға бөлінген ақшаны дұрыс игермегенін анықтады.

Айта кетсек, прокуратура 2019-2023 жылдары ұлттық киноны қолдауға бөлінген бюджет қаражатын игеруге қатысты тексеріс жүргізген болатын.

Ұлттық фильмдер қаржысының тиiмсiз игерілгені анықталды. 2019-2021 жылдар кезеңінде «Выбор» фильміне 500 миллион теңге бөлінді. Алайда аталған фильм прокатқа сол күйі шықпады, – деп мәлімдеді прокуратура.

«Кинематография туралы» заңның 12-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қаржылық қолдау ұлттық фильмдерді шығаруды және соған байланысты іс-шараларды өткізуді, прокаттауды және көрсетуді ұйымдастыру, сондай-ақ ұлттық фильмдерді шетелде көрсету үшін ұсынылады. Оның үстіне аталған фильмге прокаттау куәлігі алынбаған, бұл заңға қайшы келеді.

Мемлекет заңнамада көзделген прокаттан және фильм көрсетілімінен түсетін кірістің 20%-ын алу мүмкіндігінен айырылған.

Сонымен қатар 421 миллион теңгеге қаржыландырылған «Тырналар» фильмі прокатқа шыққан жоқ.

2019 жылдан бастап фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілмеген. Ол елдің барлық кинотеатрында кинокөрсетілімдер мен сатылған билеттер, сондай-ақ фильмнің бюджеті бойынша статистиканы қадағалауға мүмкіндік берер еді, – деп мәлімдеді Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Қадағалау актісі бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Азамат Белқайыров тәртіптік жауапкершілікке тартылды.