43 млн теңгеден асады: айналымға жалған банкнот енгізіп жүргендер ұсталды

43 млн теңгеден асады: айналымға жалған банкнот енгізіп жүргендер ұсталды kapital.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 8 қазан, 2024

Биыл жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам сотталған

Қаржылық мониторинг агенттігі қолдан жасалған ақшаның таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.

Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болмас үшін жақсы бағам бойынша айырбастауды ұсынса да бейтаныс адамдарға ақша айырбастамаңыз және валютаны «делдалдардан» сатып алмаңыз, - деп ескертті қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Осылайша, Қаржылық мониторинг агенттігі Алматыда ірі көлемдегі жалған 100 долларлық купюраларды өткізу фактісін анықтады. Аталған азаматтар бақыламалы сатып алу барысында ұсталған.

Алматының екі тұрғыны криптовалюта сатып алу желеуімен жалпы сомасы 32 700 АҚШ долларын қамтитын жалған шетелдік купюраны бірнеше рет сатқан. Сот үкімімен істің екі қатысушысы кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 5,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп хабарлады агенттік.

Агенттікпен жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленген. Оның ішінде ұлттық валютада 647 100 теңге сомасына 141 купюра, 90 400 АҚШ долларына 905 купюра, 2 мың еуроға 4 купюра, 1 мың юань сомасына 10 купюра анықталды.

Тәркіленген жалған банкноттардың жалпы құны 43 млн теңгеден асады. Жалпы, биыл жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Агенттік валюта айырбастау кезінде қырағылық таныту керектігін ескертеді.