Өз ісіне немқұрайлы қараған ауыл әкімдігіне ірі көлемде айыппұл салынды
ЖСДП тарапынан арнайы жіберілген хат та бар
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшелері 2024 жылдың 12 қыркүйегінде мүмкіндігі шектеулі ауыл тұрғындарының құқығын қорғап, Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданына қарасты Ақжарқын ауылдық округінің әкімдігіне барған. Артынша әкімдікке ірі көлемде айыппұл салынды.
Бұл ретте партия филиалы Ақжарқын ауылдық округіне «Ауыл» жобасы бойынша ай сайынғы ауылдарға жасалатын іссапарлар аясында барып отыр. Бақылаушылар бірден әдет бойынша ауылдық әкімдікке келсе, жұмыс күні болса да әкімдіктен тірі жанды таппай қалған. Дәлірек айтқанда, түскі 12:25-те ауыл әкімдігінде не әкім не күзетші болмай шығады. Бір қызығы, барлық есік ашық, компютерлер қосулы тұрған. Елімізде кез келген ең шағын ауылдардың өзінде әкімді қосқанда 4-5 адам болуы керек еді. Осылайша, партия өкілдері сыртқа қайта шығып, ауыл маңынан әкімдік қызметкерлерін іздей бастайды.
ЖСДП тарапынан арнайы жіберілген хат та бар. Тіпті, хатпен танысқандығы туралы өкілдердің қолында құжат та бар-тұғын. Жағдайдың былай боларын білмеген ЖСДП мүшелері абдырап қалған.
Өкілдердің анықтауы барысында бұл ауылдан тағы да бірнеше заң бұзушылық анықталған. Мекемеге келуші мүмкіндігі шектеулі жандарға еш жағдай жасалмаған екен. Тіпті әкімдік пен ауылдың фельдшерлік-акушерлік пункті бір ғимаратты бөліп отырғаны да белгілі болды.
Ауыл дәрігерлері әкімдіктің бірінші қабатында сырқаттарды қабылдаса, үстіңгі қабатта әкімдік орналасқан екен. Ал ең қызығы, әкімдікке бару үшін көтерілер баспалдақпен сырқат адам түгілі сау адамның өзі әрең өрмелеп шығатын көрінеді. Пандус пен лифт мәселесін айтпай-яқ қоялық. Одан бөлек, әкімдіктегі барлық ақпарат тақталардағы мәліметтердің дені ескі болып шыққан. Тіпті маңдайшаға ілінген елтаңба ба тозып біткен көрінеді.
Бұл фактілер бойынша материал жинап, әлеуметтік желілерде де жарияланып, халықты және әлеуметтік осал топтарды қорғау саласы бойынша уәкілетті органға жолданған болатын.
Арада аз күн өткен соң хатқа ресми түрде жауап келді. Нақтырақ айтқанда, 2024 жылдың 1 қазанында «Сіздердің өтініштеріңізде көрсетілген фактілерді растау мақсатында «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті» РММ...» - деп көрсетілген.
Ақжарқын ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII ЗРК Әлеуметтік кодексінің талаптарын бұзушылықтар анықталды. Қазақстан Республикасының 3.06-101-2012 «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы жағдай туғызу туралы заң ережелерін ескеріп, «Ақжарқын ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ-не жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша белгіленген мерзімде бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарды. Жұмыс біздің тұрақты бақылауымызда болады. Сондай-ақ «Ақжарқын ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ ӘҚБтК-нің 83-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады уәкілетті орган.
Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодексінің 83-бабына сәйкес, мүгедектердің құқығы бұзылған жағдайда 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл салу көзделген.
Партия филиалы өз құзыреті мен партиялық жұмысы аясында қимыл-қозғалысы аз азаматтардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың заңды мүдделерін қорғау мақсатында мемлекеттік және басқа да мекемелердің жұмысын бақылауды жалғастырып жатыр.