Халықтың қарыз жүктемесін азайтамыз – президент
Мемлекет «Адал еңбек – адал табыс» қағидасына сүйенеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында мемлекеттің халыққа «Адал еңбек – адал табыс» қағидасына сай қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді және Әділетті Қазақстан құрудың негізгі факторларының бірі. Сондықтан келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Осы арқылы қоғамда еңбек құндылығы мен кәсіби біліктіліктің орнығуына ықпал етеміз деп сенемін, - деді президент.
Осы орайда ол Үкімет тарапынан айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелерге де тоқталды.
Олар:
- жастарға, әйелдерге, кәсіпкерлерге, зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету;
- халықтың қарыз жүктемесін азайту;
- ауыл тұрғындарының кірісін арттыру;
- пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару;
- экологиялық, қаржылық сауаттылықты жетілдіру;
- қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру.
Еске сала кетсек, бұған дейін Үкіметке «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» сияқты жобалардың ауқымын кеңейтуге тапсырма берілген болатын.