Жапондық жігіт достық қызметі үшін алатын ақшамен байып кеткен
Жылдық табысы – шамамен 37 миллион теңгедей
Жапония азаматы Сэдзи Моримото жалғыз адамдарға дос болу қызметін сату арқылы байып кеткен. Ол өзінің ерекше карьерасын қалай бастағанын айтып берді, деп хабарлады Stan.kz.
Достық қызметімен кәсіби айналысатын ол Дрю Пинскиге берген сұхбатында адамдармен уақыт өткізіп, ақша алатынын айтқан. Бір кездесуге 14 мың йен (шамамен 45 мың теңге) алады екен. Сонда 40 жастағы Моримотоның жылдық табысы шамамен – 11,4 миллион йен (37 миллион теңгедей).
Жұмыс істеген жылдары ол танымал болып, Токионың аңызына айналған. Сериал мен комикс серияларына шабыт берген. Сондай-ақ өзінің автобиографиялық кітабын жазып шықты.
Моримотоның айтуынша, клиенттерінің өтініштері тіпті оғаш көрінсе де қызмет көрсетуден сирек бас тартады екен. Тек жыныстық қатынасқа түсу мен поп-музыка концерттеріне бару туралы сұраныстардан ғана бас тартатын көрінеді.
Достық қызметін ұсынатын жігіт түрлі клиенттерге тап болғанын жеткізді. Айтуынша, бірде оны бір әйел шақырып, көз алдында қағаз жей бастаған. Тағы бір әйел достық үшін ақы төлеп, кейін бірнеше сағат бойы күйеуінің танысу сайттарындағы жасырын профилін іздеген. Ал Моримото оларға жай қарап отырған.
Бұл жаны жайсаң азамат ағылшынша сөйлей алмайды, бірақ кейде британиялық және америкалық туристер оны жалдап, өздерінің сөздерін түсінетіндей болып көрінуін сұрайды екен.
Жапонияда Моримотоны үлгі тұтқан адамдар пайда болды. Бірақ олардың ешқайсысы оның жетістігіне жете алмады. Моримото – кәсіби дос және ұяң, интроверт адам. Ол айқын харизмаға ие, бірақ сөйлесуге тақырыпты бірінші бастамайды.
Моримотоның қызметтері мазасыздық пен әлеуметтік оқшауланудан зардап шегетін жалғыз адамдар үшін өте маңызды. Себебі Жапонияда ондай хәлде жүргендер көп.