Жеке кәсіпкерлерге республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінеді
Ол еліміздегі 3 ірі қаладағы сауда субъектілері мен елдегі ойын-сауық орталықтарына берілмейді
Ішкі саудадағы жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету үшін республикалық бюджеттен 2024 жылға 4 млрд теңге бөлінеді. Мұндай шешімді Республикалық бюджеттік комиссия қабылдады.
Ішкі сауда субъектілеріне көрсетіле бастайтын мемлекеттік қолдау шаралары туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков айтып берді.
Мемлекеттік қолдау шаралары 2 түрлі тәсіл арқылы көрсетіледі. Біріншісі – несие мөлшерлемесін субсидиялау, екіншісі – несиеге кепіл болу. Мұндай мемлекеттік қолдау шарасы сауда базарларын жаңғыру, сауда объектілерін салу, кеңейту, реконструкциялау үшін, үй жанынан дүкен салу және осы салада IT бағдарламалар жасау үшін беріледі, - деді ол.
Бұл бағдарламаға еліміздегі 3 ірі қала – Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы сауда субъектілері және елдегі ойын-сауық орталықтары қатыса алмайды.
Сондай-ақ бағдарлама шарты бойынша сауда нысандарына қатысты жобаларын облыс орталықтарында іскее асыратын жеке кәсіпкерге берілетін максималды сома – 3 млрд теңге. Ал жобаны моноқалаларда немесе ауылдық елді мекендерде іске асыратындар үшін берілетін максималды сома – 1,5 млрд теңге.
Инвестициялық мақсаттарға арналған жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылға дейінгі, айналым қаражатын толықтыру үшін субсидиялау мерзімі 3 жылға дейінгі мерзімді қамтиды.
Несиеге кепіл жетпеген жағдайда ішкі сауда нысандары осы бағдарламаның «Несиеге кепіл болу» тетігін қолдана алады. Жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін 50%-ға дейін, жұмысын енді бастаған, құрылғанына 3 жыл толмаған нысандар үшін несие сомасының 85%-ына дейін несиеге кепіл болады.
Мемлекеттік қолдау шаралары «Даму» қоры арқылы іске асады.
Мемлекеттік қолдау алған ішкі сауда субъектісі сауда сөресінің 20 пайызын отандық азық-түлік өнімдерін өндушілердің үлесіне беруі керек. Жалпы, ішкі сауда ережесінде көрсетілген «сауда сөресінің 30 пайызы отандық азық-түлік өнімдерін өндушілердің үлесіне берілуі керек» деген міндеттемені қосатын болса, бұл көлем 50 пайызға жетеді, - деп толықтырды сөзін Сауда комитетінің төрағасы.
Сондай-ақ қолдау алған ішкі сауда субъектісі сауда сөресінің тағы 20 пайызын отандық азық-түлік емес өнімдерін өндушілердің үлесіне беруі қажет.