Базарда манты сатқан ауыл тұрғыны қазір ірі шаруашылық ұстайды
Түйе басын 15 мыңға жеткізуді көздеп отыр
Алматы облысының Ақши ауылында кәсіпкер түйе сүтін Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне экспорттайды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Бұл ретте Іле ауданындағы шаруа қожалығы күніне 5 тонна түйе сүтін, айына 15 тонна шұбатты ұнтақ түрінде шығарады. Өнімнің жартысы шетелге жіберілсе, қалғаны ішкі нарықта сатылады.
Шаруашылық жетекшісі Сыдық Дәулетов 90-жылдары отбасымен бірге Қарақалпақстаннан көшіп келген. Алғашқы уақытта күнкөріс үшін Алматының базарларында үйде дайындалған манты сатумен айналысқан екен. Кейін жинаған азын-аулақ қаражатына 3 түйе сатып алып, өз кәсібін дамытуға кіріскен. Міне, қазір ол Қазақстанның табысты кәсіпкерлерінің қатарында.
Пайдалы қазба 10 жыл немее 100 жыл болсын, әйтеуір тасылады. Сондықтан «қара алтыннан» «ақ алтынға» көшу керек. «Ақ алтын» – Қазақстан жеріндегі байлық, оларды тиімді пайдалану қажет. Бұл ауыл шаруашылығы – мал өсіру және егіншілік, - дейді кәсіпкер.
Айтуынша, Сыдық Дәулетов осыдан 3 жыл бұрын Ақши ауылында құрғақ түйе сүтін өндіретін зауыт салған.
Ол 1,2 миллиард теңге инвестиция тартып, біздің ауылдан зауыт ашты. Онда түйе сүтін өңдеп, оны ұнтақ түрінде шетелге жібереді. Қазір өнімдерді Қытайға жеткізіп жатыр. Ал шамамен 1 тонна құрғақ сүт араб елдеріне жөнелтіледі, - деді Куртин ауылдық округінің әкімі Толеген Омаров.
Өз бизнесін 23 жыл бұрын 3 түйеден бастаған Сыдық Дәулетовтің шаруашылығында қазір 7 500 бас түйеге дейін бар. Бірақ кәсіпкер онымен тоқтап қалмақ емес. Болашақта түйе басын 15 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Сол кезде оның түйе шаруашылығы өңірдегі ең ірі шаруашылықтардың бірі болады.