Қыш күйдірген қазақ қызы Түркияда танылған
Сыртта жүріп қазақтың ою-өрнегі бар кесе, табақ, құмыра жасап танылған шебер Қарағандыға келуді жөн санайды
Қыш өнерінің шебері Гүлжан Әбдіқашеваның керамика саласында еңбек етіп жүргеніне – 8 жыл. Бұған дейін Түркияда оқып, біліп келгенін Қарағанды қаласында әрі қарай жетілдіріп отыр.
Айта кетсек, Гүлжан тұрмысқа шыққаннан кейін жолдасымен Түркияға барып, сол жақта тұрақтаған.
«Түрік елінде әйелдер үй жұмысына қарайды. Ерлері – асыраушы. Бір жағынан тіл білмегендіктен маған алғашында қиындау болды. Мамандығым экономист болғандықтан үйде отырып қалдым. Ол жақта да әйелдерге мемлекет тегін курстар оқытады. Үйде отырып, тігін тігуді, басқа да іспен шұғылдануды үйретеді. Маған керамикамен жұмысты қалай істеуге болатыны туралы курс бірден ұнады. Жолдасым Атилла Ишиксал да қарсы болмады. Оқып, білім алып шықтым.
Өзім Қарағандыданмын, дәлірек айтсақ, әсем таулы дала – Қарқаралыданмын. Алғашында 13 жыл бойы Астана, Алматы қалаларындағы лизингтік және қаржылық компанияларда экономист болып жұмыс істедім. Стамбулға керамика арқылы ғашық болдым. Курстан кейін Түркияның ең жақсы керамика және фарфор шеберлерінен бірнеше жыл оқыдым. Бірнеше диплом мен сертификаттарым бар. Әлемге әйгілі шебер Хамза Үстүнкаядан шеберлік сабақтарын алдым, – дейді Гүлжан.
Шеберлік оған жайдан жай келмесе керек. Әкесі де суретші болған екен.
«Мен бұған дейін қыш шебері боламын деп ойлаған да жоқпын. Бірақ курсты бітіргенде осы өнерге қатты ғашық болдым. Бала кезімде музыка мектебіне, фортепиано сыныбына бардым. Қобыз сыныбы бар болатын, үндері жүрегімді кернеп, қатты ұнататынмын.
Әкем Қабыш Әбдіқашев суретші еді, оның шеберханасына бару өте ұнайтын. Ғимараты көне, сондай әдемі болатын. Ол жерде шеберлер сол уақыттағы ұран сөздерді жазатын, Лениннің портретін салатын. Кейін ол туындалар қараңғы бөлмеге жөнелтілді. Олардың орнына үш бидің, батырлар мен ғұламалардың портреттері мен қазақтың ою-өрнегі келді. Ұлттық ою-өрнек соншалықты бай және алуан түрлі, даланың ашық түстерінің көптігін содан көруге болады. Арғы атам да осы Қарқаралыға белгілі ертұрман шебері болған екен, – дейді ол.
Түркияда жүргенде Гүлжанның туындыларына жоғары баға берген шеберлер өнер фестивалі немесе көрме өткенде арнайы шақырып тұрған.
Түрік елінде туризм жақсы дамыған. Сондықтан да осындай фестивальдер көп өтеді. Мені арнайы халықаралық деңгейдегілеріне шақыртатын. Түркия Республикасының 100 жылдығы және Түрксой ұйымының 30 жылдығына орай, Түрксой ұйымы, Қазақстанның Анкарадағы Елшігі мен Дүниежүзі қазақтарының даму қоры бірігіп ұйымдастырған «Қазақ қолөнер шеберлері қөрмесіне» қатыстым. Айта берсем, көп, – дейді шебер.
Қолөнерге қызыққан Гүлжан ел тарихы мен осы салада жазылған көп кітапты оқыған. Көрмеге Қырғызстан мен Моңғолиядан келген шеберлерден кеңес алған. Сөйтіп таным мен білім көкжиегін кеңейтеді.
Түркияда жүріп қазақтың ою-өрнегі бар кесе, табақ, құмыра жасап танылған шебер Қарағандыға келуді жөн санайды. Бүгінде ол Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі. Қалада өтетін жәрмеңке мен көрмелерде бұйымдары менмұндалап тұрады.
Гүлжан туындыларын қыштан жасайды. Арнайы жалға алып отырған шеберханасы бар.
Ол жерде пешіміз бар. Әр заттың пішінін жасап алғаннан кейін 8 сағат 1000 градуста пеште күйдіремін. Екі күн пешті суытамыз. Туынды боялады. Жылтырап тұруы үшін сырты сырланады. Содан кейін тағы да күйдіреміз. Кесе жасағанды жақсы көремін. Тапсырыстар да түсіп тұрады. Мейрамхана иелері де маған шығады. Кесе, табақ, құмыраларымды қазір біраз жерде қолданып жатыр. Үш түрлі қыш пайдаланамын. Біріншісі – ақ. Оны түрік елінен алдырамын. Қызыл қышты Алматы жақтан жеткіземіз. Сапалы қыш қараймын. Зиянсыз, таза болғанын қалаймын. Шипалы даланың бояуы – қызыл балшықпен жұмыс істеп, Жер-Ананың бесігінде жүргендей боласыз, – дейді шебер.
Әр шебердің өз стилі болады. Гүлжан болса, ашық түсті қалайды. Оның қолынан шыққан туындылардан даланың иісі шығады. Балшықпен жұмыс істеу Жер мен Судың бастапқы элементтерінің энергияларымен байланысын қалпына келтіріп, бір жағынан тұрақтылық, беріктік, сенімділік, екінші жағынан эмоционалдылық сезіммен қатар, үлкен ресурс беретінін айтады кейіпкеріміз.
«Маған «икат» өрнектері өте ұнайды. Ол – Шығыстың визиттік картасы. Әдемі және оңай орындалады, әсіресе фарфорда. Өзіңізді қолөнерші ретінде сезінуге жетелейді» дегенді де қосты ол.
Бір күні шеберханама қауырсын ұшып келді. Мен оның ізін балшыққа түсірдім. Қауырсын киімде, бас киімде немесе үйді безендіруде қолданылады. Жеңілдікті, жанды, шындықты бейнелейді. Қазір сол қауырсынның бейнесі алқада тұр. Киіз үй пішінді алқаның да тарихы бар. Қарқаралыда сабантой болды. Тура осындай әдемі киіз үйлер құрылды. Алтын жалатып жасап шығардым. Сол бейнелі алқам сұранысқа ие. Астанада өткен жаңажылдық жәрмеңкеде қазақы өрнекпен боялған тостағандарымды ұнатқандар көп болды, – дейді шебер.
Ыдысты ғана емес, сәндік алқа, сырғаны қыштан жасаған Гүлжан Қабышқызы сазсырнайды да қолға алған.
Қазақ ою-өрнегі ежелден көшпелі өмір салтын ұстанған халық мәдениетінің маңызды бөлігі. Бұл – көшпелілердің тұрмыстық заттарын безендіру түрі емес, оның элементтерінде мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген адамдардың ежелгі наным-сенімінің, дүние туралы идеяларының және негізгі құндылықтарының жаңғырығы, – дейді шебер.
Бүгінде Қарағанды қаласына ғана емес, елімізге танымал болып қалған шебер жас қолөнершілерді де баптап жүр.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ