Түркістан облысында жылына мың тонна банан өсіріледі

Түркістан облысында жылына мың тонна банан өсіріледі дереккөз
bai-bol.kz bai-bol.kz | 26 қараша, 2024

Қазір манго, авокадо және көкжидек өсіру жобасы да әзірленіп отыр

Түркістан облысында 2023 жылдан бастап банан өсіретін бірегей жылыжай кешені жұмыс істеп тұр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жобаны GenGroupKazakhstan компаниясы іске асырған. Ол заманауи жылыжайларды құрумен айналысады және әртүрлі ауыл және тропикалық дақылдарын өсіреді.

Инвесторлар Түркияның ауыл шаруашылығын дамыту тәжірибесін зерттеді. Бұл ретте климаттық жағдайларға төзімділік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ауа райы жағдайлары мен топырақтың сипаттамаларын мұқият талдағаннан кейін Түркістан облысының Сайрам ауданында банан өсіру туралы шешім қабылданды, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар, 5 гектар алқаптағы алғашқы жылыжай 2023 жылдың маусымында пайдалануға берілді. 2024 жылдың мамыр айының соңында алғашқы өнімдер жиналды.

Қазір GenGroupKazakhstan компаниясы қызанақ пен құлпынай өсіретін жаңа жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Ауданы 6 гектар жаңа жылыжайдың қуаттылығы 3 мың тонна қызанақ, 130 тонна құлпынай өсіруге жетеді. Жобаның жалпы құны 13,4 млрд теңгеге бағаланған. Ал жобаларды іске асыру 2025 жылдың соңына дейін аяқталады, - деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ қазір 10 гектар ашық жерге манго, авокадо және көкжидек өсіру жобасы әзірленіп отыр.