Шымкентте көпбалалы ана кептірілген жеміс сату кәсібін дөңгелетіп отыр

Шымкентте көпбалалы ана кептірілген жеміс сату кәсібін дөңгелетіп отыр Шымкент қаласының әкімдігі
bai-bol.kz bai-bol.kz | 29 қараша, 2024

Грант қаржысына 48 сөрелік кептіру құрылғысын сатып алған

Шымкент қаласының тұрғыны Раушан Жантөреқызы биыл мемлекеттен 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант алып, кептірілген жеміс сатуды бастады, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Балаларының денсаулығына алаңдаған көпбалалы ана зиянды тағамдарды табиғи өнімдермен алмастыруды ойластырып, бұл шешімін кәсіпке айналдырған. Әкімдік мәліметінше, ол Enbek.kz порталы арқылы грантқа өтінім беріп, комиссия алдында жобасын сәтті қорғаған. Грант қаржысына 48 сөрелік кептіру құрылғысын сатып алып, отбасылық кәсібін бастаған.

Қазір Раушан өнімдерді әлеуметтік желілер арқылы сатып отыр. Кептірілген табиғи жемістер мен чипстерді балалар ғана емес, ересектер де иммунитетті нығайтатын дәруменге бай шай ретінде тұтынып жүр екен. Сондықтан қазір табиғи өнімдерге сұраныс өте жоғары.

Ал Раушан Жантөреқызы алдағы уақытта мемлекеттік қолдаулар арқылы кәсібін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.