Учаскелік полицейлер кәдімгідей жақсы айлық алады – вице-министр
1 қаңтардан бастап оперативті емес және оперативті полицейлердің айлығы бірдей болады
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха журналистердің «Полицейлердің айлығын көтересіздер ме?» деген сұрағына жауап берді.
Қазір учаскелік полицейлердің айлығы жақсы. Учаскелік инспектор – ведомстодағы ең көп айлық алатын қызметкерлердің бірі. Кәдімгідей жақсы айлық туралы айтып отырмын, - деді вице-министр.
Сонда да БАҚ өкілдері «Жалпы, полиция қызметкерлері айлығының төмен екенін айтады. Көтересіздер ме?» деп сұрақты нақтылады.
Өзекті сұрақ. Министрлікке қарасты қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуда әрдайым жұмыс жүргізіп келеміз. Бізге қарайтын қызметкерлер өте көп. Сондықтан бізге қарағанда, басқа министрліктегілердің айлығын көтеру оңайырақ. Бірақ қазір Ұлттық экономика министрлігі ұсыныс әзірлеп жатыр. 1 қаңтардан бастап оперативті емес және оперативті полицейлер бірдей айлық алады. Айлық біршама көтеріледі, - деді Игорь Лепеха.
Онымен шектелмеген біздің әріптестер енді вице-министрдің өзінен «Айлығыңызды полиция қызметкерлерімен салыстырып айтып бересіз бе?» деп сұрады. Ал ол айлық жауапкершілікке байланысты төленетінін айтты.
Министрдің немесе министр орынбасарының айлығы учаскелік полиция қызметкерінің айлығымен бірдей болмайды. Айлық жауапкершілікке қарай төленеді деп ойлаймын, - деп құтылды Лепеха.