Енді қарызы барлардың есепшоты бұғатталмайды
Азаматқа күн сайын қарыздың өсімпұлы есептелетінін ескертіп, хабарлама жібереміз, - дейді вице-министр
Жаңа салық кодексі аясында қазақстандықтың 1 теңге қарызы болса да есепшотын бұғаттамауды көздейтін норма енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты.
Біріншіден, бүгінде әлеуметтік төлемдер бойынша (медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы) берешек 1 теңгеден асса, онда шаралар қабылданады. Енді мемлекет басшысының тапсырмасын ескеріп, біз берешек сомасын саралаймыз. 20 АЕК-ке (73 840 теңге) дейін мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолданбаймыз, яғни есепшотты бұғаттамаймыз. Азаматқа күн сайын қарыздың өсімпұлы есептелетінін ескертіп, хабарлама жібереміз. Салықты төлеу маңызды екенін түсіндіреміз, - деді ол.
Екіншіден, градация 20 АЕК-тен 45 АЕК-ке дейін (74 мың теңгеден 166 мың теңгеге дейін) өседі.
Мұндай жағдайда салық төлеушіге салық берешегін өтеу керектігі туралы хабарлама жібереміз. Талап орындалмаса, біз 30 күн ішінде шара қолданамыз. Үшіншіден, салық төлеуші қарызды өтесе, мәселе жабылады. Ал өтемесе, біз есепшотты бұғаттаймыз. Мысалы, салық төлеушінің қарызы 166 мың теңгеден асса (45 АЕК), алайда ол талапты орындамаса, біз тек есепшотты бұғаттаумен шектелмейміз. Мұндай жағдайда салық төлеушінің мүлкін хаттаудан өткізіп, қарызды дебитордың есебінен өндіріп аламыз. Осылайша, біз қарыз сомасын саралаймыз, - деді вице-министр.