Ел кәсіпорындарына 30 мыңнан аса маман жетіспейді
Жұмыссыздарды 583 білім беру ұйымы кәсіптік деңгейде оқытады
Еліміздегі кәсіпорындарға 30 мыңнан аса маман қажет. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталов айтты.
Функцияларға сәйкес, Ұлттық палата кәсіпорындар мен колледждер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіріп, дуалды оқыту туралы жасалған шарттардың тізілімін жүргізеді, сондай-ақ кәсіпорындардың тәлімгерлерін оқытады.
Дуалды оқыту жүйесін енгізу бойынша жол картасы аясында 496 колледжбен және 75 мың студент даярлау бойынша 7 мыңнан астам кәсіпорынмен келісімшарт жасалды. 2014 жылдан 2024 жылға дейін ҰКП үйлестіруімен 208 мыңнан аса студент дуалды оқытумен қамтылып, оның 85%-ы оқу бітірген сәттен бастап, алғашқы 3 айда жұмысқа орналастырылды. 2025 жылы дуалды оқыту шарттарының тізілімін іске асыру мен жүргізудің барлық үдерісін цифрландыру жоспарланып отыр, - деді Райымбек Баталов.
Жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру шеңберінде құрылған тізілімде 583 білім беру ұйымы бар. 67%-ы кәсіпкерлік субъектілерін құрды. Оның 237-сі кәсіпорындар жанынан, 186-сы колледждер жанынан, 149-ы дербес оқу орталықтары, 5-еуі қауымдастықтар жанынан және 6-ауы жоғары оқу орындары жанынан құрылды.
ҰКП алдағы жылдардағы кадрларға қажеттілікті анықтау үшін жыл сайын бизнес субъектілері арасында сауалнама жүргізеді. 2024 жылы 50 мыңға жуық бизнес субъектісі сауалнамаға қатысып, олардың ішінде 13 176 кәсіпорын 130 562 маман қажет екенін көрсетті, – деді Райымбек Баталов.
Бұл ретте талдау нәтижелері жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру үшін пайдаланылады.