Дәмханада қызмет көрсеткенге қосымша 10% ақы болмауы керек - министр
Ішкі сауда ережелеріне өзгерістер әзірленіп жатыр
Сенатта Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда дәмханалар мен мейрамханаларда қызмет көрсеткені үшін алынатын міндетті 10 пайыздық ақыны алып тастайтын ережелер әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Ішкі сауда ережелеріне өзгерістер әзірлеп жатырмыз. Біздің ойымызша, көрсетілген қызметке қосымша ақы алынбауы керек. Біз қазір осындай ережелерді талқылап жатырмыз. Барлық бизнестің мұндай өзгерістерді қолдауға дайын емес екені түсінікті, бірақ біз осындай өзгерістер әзірлеп жатырмыз. Ол шайпұлдарға, түрлі депозиттерге, жарналарға қатысты, - деді министр.
Оның пікірінше, егер азамат мекемеде «заңды түрде қызмет көрсетілуін» қаласа, оны мекемедегі төлем шарттарымен таныстыруы керек.
Келуші осы шарттармен танысып және келісім беруі керек. Тұтынушының келісімі осы мекемеге кіріп, тапсырыс бергенінен көрінеді, - деді ол.
Министр бұл жерде шоттағы қызмет үшін алынатын 10 пайыздық ақы туралы сөз қозғалып отырғанын айтты.
Біз әзірлеп жатқан өзгерістерге сәйкес, қызмет құнының ішіне қызмет көрсету ақысы қосылған болса, қосымша ақы немесе ақшалай сыйақы болмауы керек. Егер мұны келуші өз қалауымен бергісі келсе ғана береді. Яғни, оған көрсетілген қызмет ұнап, өзі қосымша ақы төлегісі келсе ғана беруіне болады. Ал қазір қызмет көрсету орындарында қосымша ақы чекте міндетті атрибут ретінде тұр, - деді Арман Шаққалиев.