Веreke Bank катарлық компанияға өз құнынан арзанға сатылды
Банк 65 млрд теңгеге (146 млн доллар) бағаланған
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы «Lesha Bank LLC-ке Bereke Bank акционерлік қоғамының банк холдингі мәртебесін иеленуге келісім беру туралы» №66 қаулы және «Lesha Bank LLC-ке еншілес ұйым – Bereke Bank акционерлік қоғамын иеленуге рұқсат беру туралы» №67 қаулы қабылдады.
Агенттіктің мәліметінше, биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша Lesha Bank активтері 2,05 млрд долларды, меншікті капиталы 0,4 млрд долларды қамтиды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, банк 26,5 млн доллар, ал 2024 жылдың 6 айында 15,5 млн доллар таза пайда тапқан.
Bereke Bank АҚ Қазақстанның екінші деңгейлі банктері арасында активтерінің мөлшері бойынша 9-шы және несие портфелінің мөлшері бойынша 7-орынды иеленеді. Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша, банктің активтері 2 248 млрд теңгені, меншікті капиталы 173 млрд теңгені қамтиды. Банк белгіленген нормативтерді сақтайды, – делінген агенттік хабарламасында.
Lesha Bank – шариғат нормаларына сәйкес жұмыс істейтін банк және Qatar Financial Center Regulatory Authority-дің 2010 жылғы 30 маусымдағы банк операцияларын жүргізуге, оның ішінде депозиттерді қабылдауға, қарыз операцияларына, инвестициялармен операцияларға, ұжымдық инвестициялар қорын басқаруға лицензиясы бар.
Айта кетсек, 2022 жылдың наурыз айында ресейлік Сбербанктің Қазақстандағы еншілес ұйымы АҚШ-тың санкциясына ұшыраған болатын. 2022 жылдың қыркүйегінде Сбербанк өзінің қазақстандық бөлімшесін «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Банктің атауы Bereke Bank болып өзгертілді.
2024 жылдың наурыз айында «Бәйтерек» ұлттық холдингі мен катарлық Lesha Bank арасында Bereke Bank-ті сатып алу-сату шарты жасалған. Келісім бойынша, банк 65 млрд теңгеге (146 млн доллар) бағаланған. Бұл сома сарапшылардың сынына ұшырады. Өйткені банк бұрын ресейлік Сбербанктен 130 млрд теңгеге немесе 333 млн долларға сатып алынған еді.