Павлодарда ернін үлкейтпек болған қыз косметологтан 400 мың теңге өндіріп алды
Оған қызмет көрсеткен адамның косметолог куәлігі де болмаған
Павлодар қаласында косметологиялық клиникада ернін үлкейткен қыз сапасыз қызмет үшін ақшасын қайтарып алды. Бірақ ернін қалпына келтіруге одан көп шығын кеткен.
Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне арызданған қала тұрғыны біраз әуре-сарсаңға түскенін мәлімдеді. Биыл наурыз айында ол Instagram әлеуметтік желісінде ерінді ұлғайтуға қатысты жарнаманы көріп, осы косметологиялық қызметке жүгінуге шешім қабылдаған. Сол үшін 400 мың теңге төлеген. Бірақ алған қызметі көңілінен шықпаған: ерін ісіп, ішінде түйіршіктер пайда болған.
Клиниканың косметологы алдымен ерінге енгізген препаратты түзету үшін бірнеше рет массаж жасауды ұсынған. Алайда одан нәтиже шықпаған. Сосын ол ерінге коррекция жасап беремін деген. Бірақ тұтынушы одан бас тартып, басқа клиниканың көмегіне жүгінген.
Сотта оған сапасыз қызмет көрсеткен маманның косметолог куәлігі де болмағаны анықталды. Сол кезде ол арнайы курстан өтіп жүрген. Ал павлодарлық қызды модель ретінде алған. Бірақ ерінді үлкейту бойынша жасаған алғашқы үлгісі сәтсіз шыққан.
Косметологиялық клиника 12 500 теңгені қайтарған. Ал тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің араласуынан кейін барлық қызметтің ақысы қайтарылған.
Ескерте кетсек, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңның 16-бабы бойынша, тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залалды толық көлемде өтету құқығы бар.