Қазақ байлары 10 млн доллар кірістің қайдан келгенін түсіндіре алмаған
Бұл ретте активтерді мәжбүрлеп қайтару механизмі қолданылды
Активтерді қайтару жөніндегі комитет қазақстандықтардың 10 млн доллардан аса байлықтың қайдан келгенін түсіндіре алмауына байланысты алғашқы сот актісін орындады.
Агенттік мәліметінше, активтерді иемдену көздерінің заңдылығын мониторингілеу және талдау шеңберінде онымен үлестес тұлғаларда пайда болуы түсініксіз активтер анықталған.
Сонымен, активтерді қайтару жөніндегі комитет 10 млн АҚШ долларынан аса сомаға активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап арыз берді. Сот талқылауы барысында жауапкерлер өздеріне тиесілі активтерді иемдену көздерінің заңдылығын дәлелдей алмады. Бірінші сатыдағы сот активтерді қайтару жөніндегі комитеттің талаптарын толық қанағаттандырды. Сот алқасының қаулысымен жауапкерлердің апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды, - делінген мәліметте.
Cот шешімін орындау шеңберінде қолма-қол ақша, қымбат зергерлік бұйымдар, сарапшылардың Сақ дәуіріне жатады делінген тарихи-мәдени мұразаттары мемлекет кірісіне айналдырылды.
Бұл жағдайда активтерді мәжбүрлеп қайтару механизмі қолданылғанына қарамастан, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның негізгі қағидаты болып қала береді, - деп түсіндірді агенттіктегілер.