Түркістанда жұмыста жоқ адамдарға 130 млн теңге жалақы өтірік есептелген

Түркістанда жұмыста жоқ адамдарға 130 млн теңге жалақы өтірік есептелген bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 24 тамыз, 2024

132 адамның жеке дерегі «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілген

Түркістанның еңбек мобильділігі орталығында іс жүзінде жұмысқа тұрмаған адамдарға 130 млн теңге төленген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаржылық мониторинг агенттігі облыс прокуратурасының үйлестіруімен халықты жұмыспен қамту саласы бойынша бөлінген бюджет қаражатын талан-таражға салу деректеріне қатысты бірнеше қылмысты әшкерелеген.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің қызметкерлері мемлекетке 130 млн теңгеден аса залал келтірген.

Олар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында субсидияланған жұмыс орындарына қатысушы тұлғалардың жалақыларын төлеу барысында бірқатар кәсіпорынның басшыларымен адамдар тобы болып сөз байласа отырып, мекемелерде іс жүзінде жұмыс істемейтін 132 азаматтың жеке деректерін «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізіп, оларға аударылған айлық жалақыларын иемденіп отырған.