Тоқаев Саран қаласындағы тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорынды аралап көрді
Жобаның құны – 25 миллиард теңге
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саран қаласында тұрмыстық және электр техникасын шығаратын Silk Road Electronics кәсіпорнына барды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Жалпы ауданы 61 мың шаршы метрден асатын өндіріс бұрынғы «Қарағандырезинатехника» зауытының аумағында орналасқан. Жобаның құны – 25 миллиард теңге.
Президентке Meridian Company ЖШС-нің техникалық директоры Александр Критский кәсіпорындағы өндіріс үдерісі туралы айтты.
Зауыт жыл басынан бері тұрмыстық техника шығарып, оны еліміздің электроника бұйымдарын сататын сауда желілеріне жеткізіп келеді. Бүгінге дейін кәсіпорында 97 мың тұрмыстық техника өндірілген. Компания 2027 жылға қарай толық өндірістік қуатына көшіп, 1,1 миллион тұрмыстық техника шығаруды және өз өнімін ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.
Samsung Electronics Central Eurasia компаниясының басқарма төрағасы Минки Чу аталған өндіріс алаңында Samsung брендімен теледидар және автоматты кір жуу машинасын шығару көзделіп отырғанын жеткізді.
Президентке қазір зауытта Қарағанды, Саран, Шахтинск және Абай қалаларының 232 тұрғыны жұмысқа орналасқаны туралы мәлімет берілді. Зауыттың өндірістік қуаты толығымен іске қосылған кезде жұмысшылар санын 1 200 адамға дейін ұлғайту жоспарланған.